Венесуэлада сәрсенбі күні болған қос қуатты жер сілкінісінен кемінде 920 адам қаза тапты. Бұл туралы ел Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді, дейді Qandastar.kz сайты.
Ресми мәлімет бойынша, табиғи апаттан тағы 3360 адам жарақат алған. Қазіргі таңда кем дегенде 172 адам әлі де үйінділердің астында болуы мүмкін. Бұған дейін ел президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес құрбандар саны 589 адам екенін және үш мыңға жуық адамның жарақат алғанын айтқан болатын.
БҰҰ деректеріне сәйкес, апаттан кейін 50 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұр. Құтқару жұмыстары жалғасып жатқанымен, елдегі медициналық жүйеге үлкен салмақ түсіп отыр. Дәрігерлердің айтуынша, жер сілкінісіне дейін де Венесуэла ауруханаларында дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар жеткіліксіз болған.
Жұма күні Делси Родригес ең қатты зардап шеккен аймақтардың бірі Ла-Гуайра штатын бақылауды құтқару операцияларын үйлестіру үшін әскери күштердің қарамағына беруді тапсырды.
БҰҰ мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстарына мыңнан астам халықаралық маман тартылған. Олардың арасында кинологтар, инженерлер және арнайы құтқару топтары бар. Венесуэлаға Швейцариядан 80 құтқарушы, сондай-ақ Мексика, Испания және басқа да Латын Америкасы елдерінің мамандары келген.
Сонымен қатар Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің хабарлауынша, Италия, Чехия, Франция, Германия, Люксембург, Португалия және Нидерланд құтқару жасақтарын жіберуде. АҚШ Оңтүстік қолбасшылығы да көмек жұмыстарын үйлестіру үшін жоғары лауазымды әскери өкілін жолдаған.
Ұлыбританияның Корольдік әскери-әуе күштерінің Voyager ұшағы құрамында құтқарушылар, дрондар, кинологтар және арнайы іздеу иттері бар топпен Венесуэлаға аттанған.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, алғашқы жер сілкінісі сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 18:04-те тіркелген. Бір минутқа жетпей екінші, одан да күшті дүмпу болған. Мамандар екінші жер сілкінісін 1900 жылдан бергі Венесуэладағы ең қуатты зілзалалардың бірі деп бағалап отыр. Кейін ел аумағында 214 афтершок тіркелген.
Хорхе Родригес жұма күні құтқарушылардың үйінділер арасынан ондаған адамды тірі күйінде алып шыққанын мәлімдеді.