Мазмұнға өту
qandastar.

Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келеді

Бақытжан Мұса · · 162 қаралым
Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келеді

Владимир Путин бүгін Астанаға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл — Ресей басшысының Қазақстанға соңғы бір жарым жыл ішіндегі екінші мемлекеттік сапары. Сарапшылар мұны екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен саяси диалогтың жоғары деңгейде жалғасып жатқанын көрсететін маңызды дипломатиялық қадам ретінде бағалап отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Azattyq.kz порталына сілтеп хабарлады.

Сапар аясында Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаев-пен келіссөздер жүргізеді. Кездесуде сауда-экономикалық байланыстар, энергетика, көлік-логистика, өнеркәсіп және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері талқыланады деп жоспарланған.

Тараптар жалпы саны 16 маңызды құжатқа қол қояды. Олардың қатарында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын Ресейдің жобасы және несиесі арқылы салуға қатысты келісім де бар. Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын «достықтың жеті негізі» жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылданбақ.

Сапардың басты ерекшеліктерінің бірі — халықаралық дипломатиялық тәжірибеде бір президенттің бір елге бір мерзім ішінде екі рет мемлекеттік сапармен келуі сирек кездесетін жағдай екені. Бұл Мәскеу мен Астананың өзара қарым-қатынасқа ерекше назар аударып отырғанын аңғартады.

Бағдарлама аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Астанада бой көтеретін дарынды балаларға арналған «Сириус» білім беру орталығының құрылыс алаңына арнайы капсула салу рәсіміне қатысады. Жоба ғылым, білім және жас таланттарды қолдау бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар Ресейден келген шамамен 400 адамдық делегация Астанада өтетін Еуразия экономикалық форумы жұмысына қатысады. Форум барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция, өнеркәсіп кооперациясы, цифрландыру және өңірлік экономиканы дамыту мәселелері қаралады деп күтілуде.

Бөлісу: Telegram WhatsApp