Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарды, әсіресе жасөспірімдерді, бөгде адамдардың өтінішімен SIM-карта сатып алып, WhatsApp-аккаунттарын өз атына тіркеуден сақ болуға шақырды. Ведомство мұндай әрекеттер үшін ақша ұсынатындардың артында алаяқтық схемалар тұруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар жасөспірімдерге SIM-карталарды сатып алып, өз атына рәсімдеуді немесе WhatsApp-аккаунттарын тіркеуді ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ олар растау кодтары мен аккаунтқа кіру деректерін беруді сұрап, оның орнына ақшалай сыйақы уәде етеді.
Алайда кейіннен мұндай нөмірлер мен аккаунттар қылмыстық мақсатта пайдаланылуы ықтимал. Атап айтқанда, азаматтарды алдау, олардың ақшасын жымқыру, зиянды сілтемелер тарату және жалған аккаунттар ашу үшін қолданылуы мүмкін.
Министрлік бөгде адамдарға SIM-карта мен мессенджер аккаунтын өз атына рәсімдеп берген азаматтардың да жауапкершілікке тартылу қаупі бар екенін ескертті. Себебі олардың жеке деректері заңсыз әрекеттерге қатысты тергеу барысында анықталуы мүмкін.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарға:
* бейтаныс адамдар үшін SIM-карта рәсімдемеуге;
* WhatsApp және басқа мессенджерлердің растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге;
* аккаунтқа кіру деректерін бөгде адамдармен бөліспеуге;
* жеңіл табыс табу туралы күмәнді ұсыныстардан бас тартуға кеңес береді.
Сонымен қатар ата-аналарға балаларымен осы мәселе бойынша сөйлесіп, оңай ақша табуды ұсынатын мұндай әрекеттердің заңсыз схемаларға тарту тәсілі болуы мүмкін екенін түсіндіру ұсынылды.
Ақпарат көзі: Polisia.kz.