Ресейде Wildberries компаниясына қатысты ірі көлемдегі ықтимал тауар ұрлығы фактілері бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Telegram-дағы «ВЧК-ОГПУ» арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Жарияланған мәліметке сәйкес, Ресейдің Тергеу комитеті мен Бас прокуратурасы маркетплейстегі тауарлардың заңсыз шығарылуына қатысты ақпаратты тексеруде. Айыптаулар бойынша, компанияда тауарларды қоймалардан эвакуациялау сылтауымен шығару схемасы қолданылған болуы мүмкін.
Дереккөздің мәліметінше, қымбат бағалы электроника, зергерлік бұйымдар және өзге де тауарлар есепке алынбаған қоймаларға жеткізілген. Ал маркетплейс жүйесінде олардың бастапқы қоймаларда тұрғаны көрсетілген.
Сондай-ақ жарияланымда өрттер мен дрон шабуылдарынан кейін кейбір тауарлар жойылды деген себеппен есептен шығарылып, нақты жетіспеушілік көлемі жасырылған болуы мүмкін екені айтылған.
Авторлардың мәлімдеуінше, бұл жағдайдан мыңдаған сатушы шығынға ұшырап, кейбір кәсіпкерлердің қаржылық қиындықтарға тап болғаны айтылған.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Ресейдің құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік мекемелері аталған айыптауларға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.