Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған «Яндекс» серверлері ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Алайда компанияның барлық цифрлық қызметі Қазақстандағы инфрақұрылымға ғана тәуелді емес. Бұл туралы уәкілетті министрліктің мәліметінде айтылды.
Соңғы уақытта «Яндекс» сервистерінің жұмысында болған іркілістер такси шақыру, жеткізу және басқа да күнделікті қызметтердің тұрақтылығына қатысты сұрақтар туғызды.
Министрлік мәліметінше, қазақстандықтардың дербес деректерін сақтайтын серверлердің қалыпты жұмыс істеуі платформаның барлық қызметі еш кедергісіз жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Атап айтқанда, такси және жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір техникалық компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан. Сондықтан жекелеген жүйелердегі ақаулар сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта «Яндекс» қызметтердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және Қазақстандағы инфрақұрылымдық ұйымдармен бірлесіп, қажетті қолдау көрсету мәселелерін пысықтауда.
Сонымен қатар сұраныс күрт артқан жағдайда балама такси және жеткізу платформаларының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр.