Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова қайтыс болды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған.
Түркиялық DHA агенттігінің хабарлауынша, қыз шатырға шыққаннан кейін жабынның үстіне басқан болуы мүмкін. Алайда жабын оның салмағына шыдамай, қазақстандық қыз екінші жерасты қабатының деңгейіне құлап кеткен. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
БАҚ мәліметінше, Айсұлу Бекмаханова Түркияға қыркүйек айында туристік визамен барған. Алдын ала дерек бойынша, ол Ресей азаматы әйелмен бірге тұрған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлда отандасымыздың қайтыс болғанын растады.
«Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Түркияның құзыретті органдары тергеу жүргізіп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады ведомство.
Қайғылы оқиғаның нақты себептері әзірге белгісіз. Мәселе Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.