Қазақстанда мыс концентратын өңдеу құнын есептеудің жаңа тәртібі бекітілді. Экономист Юрий Масановтың пікірінше, бұл шешім елдегі мыс балқыту зауыттарын жаңғыртуға және жаңа кәсіпорындар салуға инвестиция тарту үшін маңызды. Әсіресе әлемдік мыс нарығында жағдай күрт өзгеріп жатқан кезде мұндай ереженің қабылдануы отандық өндіріс үшін қажет, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы экономист Юрий Масанов Facebook парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Өнеркәсіп министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін анықтайтын әдістеме қабылданғанын хабарлаған. Бұл шешім әлемдік нарықта мыс бағасы ғана емес, оны өңдеуге төленетін ақы да өзгеріп жатқан тұста қабылданып отыр.
Биыл мыс концентратын өңдеу үшін төленетін ақының жылдық көрсеткіші алғаш рет нөлге дейін төмендеді. Ал жедел жасалатын келісімдердегі тарифтер тіпті теріс мәнге өтті. Енді нарық қатысушылары 2027 жылғы келісімшарттарда бағаны индекстерге негіздеп немесе бірнеше тәсілді біріктіріп белгілеу мәселесін талқылап жатыр», деп жазды экономист.
Қарапайым тілмен айтқанда, мыс кенін өндіру мен одан дайын металл алу екі бөлек жұмыс. Кен өндірушілер мыс концентратын зауыттарға өткізіп, оны өңдетеді. Ал зауыттардың бұл қызмет үшін алатын ақысы әлемдік нарықта күрт төмендеген. Алайда өңдеу ақысының нөлге түсуі зауыттардың өндірістік шығыны жоқ дегенді білдірмейді.
Масановтың айтуынша, әлемдік нарықтағы болжамдардың өзі бір-біріне қайшы келеді. Мәселен, Швейцарияның UBS инвестициялық банкі алдағы уақытта мыс тапшылығы күшейіп, баға одан әрі өседі деп күтеді. Ал Халықаралық мыс зерттеу тобы 2027 жылы тазартылған мыс өндірісі сұраныстан асып түседі деп болжап отыр.
Мұндай белгісіздік мыс өңдейтін кәсіпорындарға қазірдің өзінде әсер ете бастаған.
19 қазанда Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы концентрат өңдеудің тиімсіз жағдайына байланысты шикізат сатып алу мен өндіріс көлемін қайта қарауы мүмкін екенін хабарлады. Яғни мыс қымбат болып қала бергенімен, оны өңдейтін зауыттар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр», деп түсіндірді Масанов.
Экономистің пікірінше, Қазақстан үшін мұндай жағдайда өз металлургиясын дамытуға мүмкіндік беретін нақты экономикалық ережелер қажет.
Еліміздегі жұмыс істеп тұрған мыс балқыту зауыттары жаңғыртуды қажет етеді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын салу жоспары бар. Бірақ мұндай жобаларға жүздеген миллиард теңге жұмсалады, ал салынған қаржының қайтарымы ондаған жылға созылуы мүмкін.
Сондықтан мемлекет әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайды ғана емес, отандық өнеркәсіптің ұзақ мерзімді қажеттіліктерін де ескеретін өз механизмін қалыптастырып жатқаны қисынды деп ойлаймын», деп жазды экономист.
Оның түсіндіруінше, жаңа әдістеме бойынша мыс концентратын өңдеу құнын есептегенде кәсіпорынның экономикалық негізделген шығындары, белгіленген мөлшердегі пайдасы және инвестицияға қажет қаражат ескеріледі. Сонымен қатар есептің ашық, бірізді болуы және пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығы талап етіледі.
Бұл кәсіпорындарға алдағы шығындарын есептеп, өндірісті дамытуға қанша қаржы қажет екенін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бұл нарықтық механизмдерден бас тарту деген сөз емес. Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бір бөлігі болып қала береді. Концентрат өндірушілер де, оны өңдейтін кәсіпорындар да халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді. Алайда әлемдік нарықтағы тарифтер өзгеріп жатқанда, еліміздің өнеркәсіп саясаты сол тарифтерді қайталаумен ғана шектелмеуі керек», деп есептейді Масанов.
Экономист Қазақстанда мыс қоры мол болғанымен, оны өңдейтін зауыттардың қуаты кен өндіру көлемімен қатар өспегеніне де назар аударды.
Қазір елімізде жылына әрқайсысы 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Масановтың пікірінше, жаңа зауыт салатынын жариялау жеткіліксіз. Оған жеке инвесторлардың қаржысын тарту үшін кәсіпорынның болашақ табысы, шығыны және салынған ақшаның қайтарымы алдын ала түсінікті болуы тиіс.
Жаңа өндіріс орындарын салатынымызды жариялау ғана жеткіліксіз. Оларды іске асыру үшін жеке инвестиция тартуға және салынған капиталдың қайтарымын есептеуге мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық жағдай қажет», деп жазды ол.
Экономист жаңа әдістемені металлургияға ұзақ мерзімді инвестиция тартуға жағдай жасайтын маңызды қадам деп бағалады. Оның сөзінше, әлемдік нарықтағы қолайсыз жағдай кейбір шетелдік зауыттарды өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүрлеп жатқанда, Қазақстан өз кәсіпорындарын сақтап қана қоймай, олардың санын көбейтуге де дайындалуы керек.
Әлемдік нарық әлі талай өзгереді. Бірақ өз өнеркәсібімізді дамыту үшін шешімдерді қазір қабылдау қажет. Қазақстанның жаңа мыс балқыту зауыттарын салу қажеттігін жылдар бойы талқылаудан оларды дамытуға арналған нақты экономикалық жағдай жасауға көшкені қуантады», дейді Юрий Масанов.