Ақмола облысында вейптерді заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, операция прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.
Тергеу барысында өнімдердің әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы сатылып, сатып алушыларға курьерлік қызмет арқылы жеткізілгені анықталған.
Күдіктілер заңсыз қызметтерін жасыру үшін арнайы конспирациялық тәсілдерді қолданып, қаржы айналымын бүркемелеу мақсатында дропперлердің көмегіне жүгінген.
Алдын ала есеп бойынша, олардың қылмыстық табысы 221 миллион теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
ҚМА дерегінше, биылғы жылдың басынан бері вейптердің заңсыз айналымына қатысты 12 сотқа дейінгі тергеу басталған. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленген.