Қазақстан мыс кенін бұрынғыдан төрт есе көп өндіреді. Бірақ одан дайын мыс шығару ісі айтарлықтай алға баспаған. Оның үстіне, еліміздегі ірі мыс балқыту зауыттары ондаған жыл бұрын салынған. Экономист Айдархан Құсайынов бұл жағдай өзгермесе, Қазақстан өз металлургиясынан айырылып қалуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Экономист Informburo.kz басылымына берген сұхбатында Қазақстан неге мысқа бай бола тұра, оны өңдейтін зауыттарды көбейте алмай отырғанын, әлемде мыс қымбаттағанымен, металлургиялық кәсіпорындар неге жабылып жатқанын және отандық өндірісті сақтап қалу үшін не істеу керегін түсіндірді.
Бұл мәселе үкіметте де көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық металлургия зауыттарын ұзақ мерзімге шикізатпен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруды және кенді терең өңдеуге инвестиция тартуды тапсырды.
Алайда экономистің айтуынша, жаңа зауыт салу үшін жер қойнауында мыстың көп болуы жеткіліксіз. Өндіріс табыс әкелуі, ал салынған қаржы өзін ақтауы керек.
35 жылда кен өндіру төрт есе өсті
Айдархан Құсайынов Қазақстанның мыс өнеркәсібі қалай дамығанын көрсететін статистикаға назар аударды.
Оның айтуынша, 1990 жылдан бері елімізде мыс кенін өндіру көлемі төрт еседен астам өскен. 35 жыл бұрын жылына 38,5 млн тонна кен өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 163,7 млн тоннаға жеткен.
Бірақ тазартылған, яғни дайын мыс өндіру көлемі сол күйінде қалған.
35 жылда мыс кенін өндіру төрт еседен астам өсті. Ал тазартылған мыс өндіру көлемі іс жүзінде өзгерген жоқ. Меніңше, біздің басты мәселемізді осы статистика анық көрсетеді
Ол кеннің бәрін дайын мыспен салыстыруға болмайтынын да ескертті. Өйткені кен құрамындағы металдың мөлшері, оны байыту және өңдеу технологиясы әртүрлі болады.
Соған қарамастан, негізгі мәселе өзгермейді: Қазақстан кен өндіруде үлкен жетістікке жеткенімен, оны өңдеу ісінде дәл сондай өсімге қол жеткізе алмаған.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңа кен орындары игерілді, тау-кен кәсіпорындары мен кен байыту фабрикалары ашылды. Бұл салаға миллиардтаған доллар жұмсалды. Ал металлургияға дәл сондай көлемде инвестиция салынбаған.
Сондықтан Қазақстан әлі күнге дейін өткен ғасырда салынған зауыттарға сүйеніп отыр.
Мәселен, Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істейді. Ал Жезқазғандағы мыс балқыту зауыты 1970-жылдары іске қосылған.
Құсайыновтың сөзінше, мұндай кәсіпорындарды үнемі жаңартып отыру қажет. Себебі жабдықтар тозады, технология ескіреді, ал қоршаған ортаны қорғау талаптары жыл сайын күшейіп келеді.
Бұл тек өндіріс көлемі мен пайда мәселесі емес. Әңгіме жұмысшылардың қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қалаларда тұратын халықтың денсаулығы және қоршаған ортаның жағдайы туралы болып отыр
Экономист отандық металлургияны сақтау ұлттық қауіпсіздік үшін де маңызды деп есептейді.
Өйткені зауыт дегеніміз тек ғимарат пен жабдық емес. Оның артында білікті мамандар, қалыптасқан өндіріс жүйесі және елдің өз шикізатын шетелге тәуелді болмай өңдеу мүмкіндігі тұр.
Жұмыс істеп тұрған металлургиялық кәсіпорыннан айырылу оңай. Ал оны кейін қайта қалпына келтіру әлдеқайда қиын. Жаңғыртуды неғұрлым ұзаққа созсақ, соғұрлым қымбатқа түсуі мүмкін
Мыс қымбаттап жатыр. Онда зауыттар неге жабылады?
Әлемде мысқа сұраныс өсіп, оның бағасы қымбаттап жатқанымен, мыс балқытатын кәсіпорындардың жағдайы күрделі.
Экономист мұның себебін мыс өндіру мен оны балқытудың екі бөлек кәсіп екенін түсіндіру арқылы жеткізді.
Кен өндіруші компаниялар жер қойнауынан алынған шикізатты байытып, мыс концентратын шығарады. Ал металлургиялық зауыттар сол концентраттан дайын металл өндіреді.
Зауыт бұл жұмысы үшін арнайы өңдеу ақысын алады. Халықаралық нарықта ол TC (Treatment Charge) деп аталады.
Алайда 2026 жылы әлемдік нарықтағы TC мөлшерлемесінің негізгі көрсеткіші нөлге дейін түскен. Ал жедел жасалатын келісімдердегі кейбір мөлшерлемелер тіпті теріс мәнге өткен.
Бірақ зауыттардың шығыны азайған жоқ. Оларға бұрынғыдай электр энергиясының, жұмысшылардың жалақысының, жабдықтарды жөндеудің және экологиялық шаралардың ақысын төлеу керек.
Мысалы, 2025 жылы әлем бойынша мыс балқыту зауыттарының тікелей шығыны бір тонна құрғақ концентратқа орта есеппен 124 доллар болған. Ал Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 58 долларды құраған.
Бұл есепке жаңа жабдық сатып алу мен өндірісті жаңғыртуға кететін инвестиция кірмейді.
Әлемдік нарықта өңдеу ақысы нөлге түскені зауыттардың шығыны да нөлге тең болды деген сөз емес. Олар электр энергиясына, жұмысшыларға, жөндеуге және экологиялық талаптарды орындауға бәрібір ақша жұмсайды
Әрине, металлургиялық кәсіпорын тек мыс балқытудан ғана табыс таппайды. Концентрат құрамынан алтын мен күміс бөліп алады, күкірт қышқылын және басқа да өнімдерді өндіреді.
Бірақ олардың нарықтағы бағасы тұрақсыз. Бүгін мол табыс әкелген өнім ертең арзандап кетуі мүмкін.
Сондықтан миллиардтаған доллар тұратын жаңғырту жобаларын тек қосымша өнімдерден түсетін табысқа сеніп жоспарлау қауіпті.
Құсайыновтың пікірінше, Қазақстан осындай күрделі жағдайға тап болды. Ел ондаған жыл бойы кен өндіруге қаржы құйды. Енді металлургияны жаңарту қажет болғанда, әлемде концентрат өңдеу ісінің табыстылығы төмендеп кеткен.
АҚШ-та 15 зауыттың екеуі ғана қалған
Мұндай қиындық тек Қазақстанға тән емес.
Айдархан Құсайыновтың айтуынша, 1980-жылдары АҚШ-та шамамен 15 мыс балқыту зауыты жұмыс істеген. Қазір олардың екеуі ғана қалған.
Чилиде де бірқатар кәсіпорын жабылған. Ал Филиппиндегі PASAR зауыты 2025 жылдың ақпанында жұмысын уақытша тоқтатқан.
Экономист мұның бірнеше себебін атады. Олардың қатарында өндіріс шығынының көптігі, технологиялардың ескіруі, экологиялық талаптардың күшеюі және зауыттардың толық қуатында жұмыс істемеуі бар.
Мысқа сұраныстың жоғары болуы оны өңдейтін зауыт міндетті түрде пайда табады дегенді білдірмейді
Ал Қытайда жағдай басқаша.
Соңғы 20 жылда бұл ел әлемдегі ең ірі мыс өңдеу орталығына айналды. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту өндірісі өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиген.
Оған өндіріс көлемінің үлкендігі, заманауи технологиялар, дамыған инфрақұрылым және шығынның салыстырмалы түрде төмен болуы әсер еткен.
Дегенмен өңдеу ақысының төмендеуі Қытай зауыттарына да қысым түсіріп отыр.
Экономистің сөзінше, Қазақстан осы тәжірибеден сабақ алуы керек. Елде мыс кені мен зауыттардың болуы олардың мәңгі жұмыс істейтініне кепіл емес.
Металлургияны бір рет дамытып қою жеткіліксіз. Оны үнемі жаңартып, әлемдік нарықта бәсекеге төтеп бере алатындай жағдай жасау қажет. Әйтпесе ондаған жыл жұмыс істеген кәсіпорындардың өзі жабылу қаупіне тап болады.
Басқа елдер металлургиясын қалай қорғап жатыр?
Әлем елдері бұл мәселені әртүрлі жолмен шешуге тырысуда.
Мысалы, Индонезия мыс концентратын шетелге шығаруға шектеу қойып, оны өз елінде өңдеуді дамытуды көздейді.
Конго Демократиялық Республикасы 2026 жылы мыс пен кобальт концентраттарын экспорттауға салынған тыйымды жаңартты. Дегенмен кейбір жағдайларға ерекше рұқсат қарастырылған.
Ал Аустралия мемлекет қаржысы арқылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қолдау көрсетуді таңдаған.
Бұл елде Mount Isa мыс балқыту зауыты мен Townsville мыс тазарту кәсіпорнына үш жыл ішінде шамамен 395 млн АҚШ доллары көлемінде көмек беру жарияланған.
Қытай болса, керісінше, жаңа мыс балқыту зауыттарын шектен тыс көбейтпеуге тырысып отыр.
Оның орнына геологиялық барлауды күшейтіп, ел ішіндегі кен өндіру көлемін арттыруға және шетелдік концентрат жеткізушілермен ұзақ мерзімді келісімдер жасауға басымдық берген.
Яғни Қытай үшін басты мәселе зауыт санын көбейту емес, оларды жеткілікті шикізатпен қамтамасыз ету.
Құсайынов Қазақстанға осы елдердің бірін қайталаудан гөрі, кен өндірушілер мен оны өңдеушілердің мүддесіне сай келетін өз жолын табу маңызды деп есептейді.
Қазақстан 2,8 млрд доллардың мыс шикізатын шетелге сатқан
Экономистің келтірген мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстан 1,4 млн тоннадан астам мыс кені мен концентратын экспорттаған. Оның жалпы құны 2,8 млрд доллар болған.
Неге бұл шикізаттың бәрі Қазақстанда өңделмейді?
Себебі еліміздегі металлургиялық зауыттардың қолданыстағы қуаты өндірілетін барлық кен мен концентратты өңдеуге жетпейді.
Дегенмен Қазақстанда отандық өңдеушілерге басымдық беретін белгілі бір тетіктер бар.
Мәселен, құрамында бағалы металдар кездесетін шикізатты шетелге шығарар алдында оны отандық кәсіпорындарға өңдеуге ұсыну тәртібі қарастырылған.
Бірақ экономист шикізат экспортына толық тыйым салуды мәселенің шешімі деп есептемейді.
Ертеңнен бастап мыс концентратын экспорттауға толық шектеу қойсақ та, жаңа зауыттар өздігінен пайда болмайды. Ол үшін инвестиция қажет
Қазақстанда жаңа өндіріс ашуға қатысты жоспарлар бар.
Соның бірі – Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы жаңа мыс балқыту зауытын салу.
Құсайынов бұл жобаның маңызы тек қосымша мыс өндірумен шектелмейтінін айтады.
Өйткені заманауи зауыттар концентраттан алтын, күміс сияқты бағалы металдарды бөліп алып, күкірт қышқылын және басқа да қосымша өнімдерді шығара алады.
Бұл шикізатты сол күйінде экспорттамай, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін Қазақстанда қалдыруға мүмкіндік береді.
Бірақ осындай ірі жобаға ақша салатын инвесторға нақты экономикалық жағдай қажет.
Ол зауыттың қандай шартпен жұмыс істейтінін, концентрат өңдеу ақысы қалай есептелетінін және салған миллиардтаған қаржысын қанша уақытта қайтара алатынын алдын ала білуге тиіс.
Сондықтан экономист шикізатты шетелге шығаруды шектеуден бұрын, Қазақстанда оны өңдеуді тиімді ететін жағдай қалыптастыру керек деп санайды.
Зауыттардың шығынын кім өтейді?
Құсайынов сұхбат барысында кен өндіруші компаниялар мен металлургиялық зауыттар өңдеу ақысы туралы өзара келісімге келе алатынын айтты.
Бірақ келісім жасалған баға зауыттың шығынын жауып, өндірісті жаңғыртуға жеткілікті табыс әкеледі деген сөз емес.
Әсіресе әлемдік нарықта өңдеу ақысы нөлге дейін төмендеген кезде бұл мәселе күрделене түседі.
Қазақстан бір жағынан жаңа металлургиялық зауыттар салып, ескі кәсіпорындарды жаңартқысы келеді. Екінші жағынан, өңдеу ақысы әлемдік нарықтағы уақытша жағдайға байланысты белгіленсе, қымбат инвестицияның қайтарымы белгісіз болып қалады.
Осы себепті экономист қазір талқыланып жатқан мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін қолдайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, министрлік ұсынып отырған тәсіл зауыттардың шығынын мемлекеттік бюджеттен өтеуге емес, өңдеу ақысының экономикалық негізін қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа әдістеме бойынша тариф есептелгенде өндірістік шығындар, белгіленген мөлшердегі пайда және инвестиция ескерілуі керек.
Ең маңыздысы, кәсіпорын нақты жаңғырту жобасына жұмсайтын қаржысын да тарифке енгізе алады.
Бірақ ол үшін шығынды негіздеп, жобасын ұсынып, инвестицияның қандай нәтиже беретінін дәлелдеуі қажет.
Жаңғыртуға жұмсайтын қаржыңды тарифке қосқың келе ме? Онда шығыныңды негізде, жоба ұсын және оның қандай нәтиже беретінін көрсет
Экономист мұндай тәртіп зауыттарға себепсіз қосымша пайда беруді көздемеуі керек екенін айтты.
Оның мақсаты кәсіпорындардың жұмысын жалғастырып қана қоймай, өндірісті жаңартуға және кеңейтуге мүмкіндік жасау болуы тиіс.
Мен бұл әдістемені ең алдымен инвестиция тартудың құралы деп қараймын. Бізге зауыттарды сақтап қалу ғана емес, оларды жаңартып, кеңейту де қажет. Мұны мемлекеттік бюджеттен үнемі ақша бөлу арқылы емес, жеке инвестиция есебінен жасауымыз керек
Оның пайымынша, тарифті дұрыс белгілеу кен өндірушілер мен металлургия кәсіпорындарының мүддесін тең ұстауға көмектесуі мүмкін.
Қазақстанда мыстан дайын өнім шығаратын кәсіпорындар аз
Айдархан Құсайынов Қазақстан үшін мысты өз ішінде өңдеудің пайдасы тек металл өндіруден түсетін табыспен шектелмейтінін айтты.
Мыс балқыту зауытының айналасында бір-бірімен байланысты бірнеше өндіріс дами алады.
Бір жағынан, мұндай кәсіпорындарға кен мен концентрат қажет. Бұл кен өндіруді, жаңа кен орындарын іздеуді және кен байытуды дамытады.
Екінші жағынан, дайын мыс басқа кәсіпорындарға шикізат болады.
Одан сым жасауға арналған мыс дайындамалары, кабель, сым, жұқалтыр, электр техникасына қажетті бөлшектер және өзге де өнімдер шығаруға болады.
Алайда экономистің айтуынша, Қазақстанда мұндай өндірістердің үлесі әлі де аз, шамамен 5 пайыз ғана.
Металлургияны дамыту тек мыс өндіру көлемін көбейту деген сөз емес. Ең үлкен мүмкіндік – сол мыстан басқа да өнім шығаратын кәсіпорындарды дамыту
Бұл өз кезегінде жаңа зауыттар ашуға және инвестиция тартуға жол ашады.
Мыс өңдейтін кәсіпорындардың айналасында көлік, энергетика, машина жасау, жөндеу және қызмет көрсету салалары да дамиды.
Инженерлерге, технологтарға және басқа да білікті мамандарға сұраныс артады.
Соның нәтижесінде оқу орындары, инфрақұрылым және өндіріс орналасқан қалалардың өзі дамуға мүмкіндік алады.
Бір зауыттың артында тұтас қаланың тағдыры тұр
Экономист бұған Балқаш мыс балқыту зауытын мысалға келтірді.
1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның тарихы 90 жылға жуықтайды.
Осы уақыт ішінде онда бірнеше ұрпақ еңбек етті. Зауыт қаланың негізгі экономикалық тіректерінің біріне айналды.
Сондықтан Құсайынов мұндай кәсіпорындарды тек қанша табыс табатыны немесе салынған ақшаны қанша жылда қайтаратыны бойынша бағалау дұрыс емес деп санайды.
Себебі зауыттың пайдасы оның қақпасынан тыс жерге де таралады.
Бұл – жұмыс орындары, бюджетке түсетін салық, басқа өндірістердің дамуы, білікті мамандардың елде қалуы және өнеркәсіптік тәжірибенің сақталуы.
Оның үстіне, өз металлургиясы бар елдің шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі де кеңейеді.
Шетелге тек мыс концентратын сатып отырған мемлекет пен дайын металл өндіре алатын мемлекеттің мүмкіндігі бірдей емес.
Екінші жағдайда Қазақстан шетелдік компаниялармен бірігіп, мыстан дайын өнім шығаратын жаңа кәсіпорындар аша алады.
Мен табысты тек қанша тонна мыс өндірілгенімен өлшемес едім. Металлургияның арқасында қанша жаңа кәсіпорын, жұмыс орны және технологиялық мүмкіндік пайда болғанына қарау керек
Экономистің пікірінше, Қазақстан мыс кенін өндіруді ұлғайтқанымен, оны өңдейтін өнеркәсіпті қатар дамыта алмаса, шикізат сатуға тәуелді болып қала береді.
Ал өз металлургиясын сақтау үшін қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртып, жаңа өндірістерге жеке инвестиция тартатын тұрақты экономикалық жағдай қалыптастыру қажет.
Металлургияға салынған инвестиция бір ғана экономикалық кезеңге емес, алдағы бірнеше ұрпаққа арналған инвестиция
Қазақстанның алдында тұрған таңдау да осы: мысты негізінен кен күйінде сатып, табыс табуды жалғастыру немесе одан дайын металл мен басқа да өнім шығарып, ел ішінде тұтас өндіріс жүйесін қалыптастыру.