Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көлінде жоғалған екі балықшыны іздеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оқиға 22 қыркүйекте Күршім ауданының Балықшы ауылдық округінде болған. 1979 және 2001 жылы туған екі ер адам балық аулауға шығып, кейін байланысқа шықпаған.
Құтқарушылар бірден іздеу жұмыстарын бастап, оған жергілікті тұрғындар да өз қайықтарымен қосылды. Алғашқы күндері жағалаудан шамамен 3-4 шақырым жерден суға батқан қайық табылды.
29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар көлден 2001 жылы туған ер адамның денесін тапты. Ал 30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған балықшының денесін судан алып шықты.
Іздеу барысында ТЖМ құтқарушылары 63 рет сүңгу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар жағалау мен көл аумағы қайықтар және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы тексерілді.
Құтқарушылардың жұмысына ауа райының қолайсыздығы, қатты жел, биік толқын және көл аумағының үлкен болуы кедергі келтірген.