Украина президенті Владимир Зеленский Ресей украиналық энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруді тоқтатқан жағдайда, Мәскеудің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды доғаруға дайын екенін айтты. Бұл туралы ол жексенбі күні мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Reuters агенттігінің жазуынша, Зеленский бұл мәлімдемені АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды біржақты тоқтатуды талап еткеннен кейін жасады.
Бұған дейін Трамп Украина әскерінің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары АҚШ-тағы дизель отыны бағасының өсуіне әсер етіп жатқанын айтқан. Сондай-ақ ол Зеленскийді Мәскеумен келісім жасау мүмкіндіктерін жіберіп алды деп сынаған.
Зеленский Украинаның энергетикалық нысандарына жасалатын шабуылдар тоқтатылған жағдайда ғана өзара деэскалацияға баруға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, кез келген келісім нақты қауіпсіздік кепілдіктерімен қамтамасыз етілуі керек.
Украина президенті Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға соққыларын бүгіннен бастап тоқтатуға болатынын, алайда Ресей президенті Владимир Путиннің бұған ниетті емес екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Зеленский жексенбі күні Еуропа көшбасшыларымен келіссөздерді жалғастыратынын айтты. Тараптар Украинаның әуе қорғанысын күшейту, соның ішінде ресейлік реактивті дрондарды атып түсіруге арналған оқ-дәрілерді жеткізу мәселелерін талқылап жатыр.
Дүйсенбі күні Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Еуропалық Одақтың Сыртқы істер жөніндегі кеңесінің отырысына қатысады. Кездесуде Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейту және Украинаның Еуропалық Одаққа қосылу келіссөздерін ілгерілету мәселелері қаралуы күтіледі.