Мазмұнға өту
qandastar.

Зерттеу: Қазақстандықтардың 95 пайызы өз өміріне қанағаттанатынын айтты

Бақытжан Мұса · · 696 қаралым
Зерттеу: Қазақстандықтардың 95 пайызы өз өміріне қанағаттанатынын айтты

DATAmetrics компаниясы қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл-күйіне қатысты жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелерін жариялады. Зерттеу азаматтардың өмір сапасына берген бағасын, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді және болашаққа деген сенім деңгейін қамтыған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Сауалнама Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында өткізілген. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан. Сауалнама бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісімен жүргізілді.

Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің 63,3 пайызы өз өміріне толық қанағаттанатынын, ал 31,9 пайызы көбіне риза екенін айтқан. Осылайша, сауалнамаға қатысушылардың 95,2 пайызы өз өміріне оң баға берген. Ал 3,4 пайызы өміріне онша риза емес екенін, 1,1 пайызы мүлде қанағаттанбайтынын жеткізген.

Отбасының материалдық жағдайына қатысты да оң пікір басым. Қатысушылардың 67,6 пайызы соңғы бір жылда тұрмыстық жағдайы жақсарғанын мәлімдеген. Оның ішінде 29,8 пайызы жағдайының айтарлықтай жақсарғанын, 37,8 пайызы белгілі бір деңгейде ілгерілеу болғанын атап өткен.

Сонымен қатар респонденттердің 25,5 пайызы материалдық жағдайында өзгеріс болмағанын айтса, 6,6 пайызы керісінше нашарлағанын көрсеткен.

Зерттеу қорытындысы азаматтардың болашаққа деген сенімі жоғары екенін де көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6 пайызы алдағы бір жыл ішінде отбасының тұрмыс жағдайы қазіргіге қарағанда жақсарады деп есептейді. Оның ішінде 45 пайызы айтарлықтай оң өзгеріс болады деп сенсе, 33,6 пайызы белгілі бір деңгейде жақсаратынына үміт білдірген.

Ал 15,9 пайыз респондент тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп есептейді. Болашағына пессимистік көзқарас білдіргендердің үлесі 3,4 пайызды құраған.

Зерттеу авторларының айтуынша, сауалнама нәтижелері халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң бағалардың басым екенін аңғартады. Қатысушылардың көпшілігі өз өміріне қанағаттанатынын, материалдық жағдайының жақсарғанын және алдағы уақытта тұрмыс сапасы одан әрі жақсаратынына сенетінін жеткізген.

Айта кетейік, зерттеу үлгісі Қазақстан халқының қала және ауыл тұрғындары, жынысы мен жас ерекшеліктері бойынша репрезентативті қағидаға сәйкес қалыптастырылған. Сенімділік ықтималдығы 95 пайыз болған жағдайда статистикалық қателік шегі ±1,1 пайызды құрайды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp