Ежелгі ДНҚ-ны зерттеген халықаралық ғалымдар тобы б.з.д. I мыңжылдықта Еуразия даласын мекендеген сақ-скиф тайпаларының генетикалық құрылымына қатысты жаңа ғылыми қорытынды жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша, ерте темір дәуіріндегі көшпелілер қоғамында билік әулеттік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Бұл туралы Saqtimes.kz хабарлады, дейді Qandastar.kz сайты.
Science.org дерегінше, зерттеу барысында Қазақстан мен Ресей аумағындағы қорымдардан табылған 85 адамның геномы сарапталған. Оның ішінде 38-і элита өкілдері болса, 47-сі қарапайым тұрғындар болған. Ғалымдар алғаш рет 45 жаңа геномды зерттеп, олардың қатарына Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адамның» геномын да енгізген.
Геномдық талдау нәтижесінде көп жылдан бері талқыланып келген «Алтын адамның» жынысына қатысты пікірталасқа нүкте қойылды. Зерттеу оның генетикалық тұрғыдан ер адам екенін растады. Сондай-ақ оның ДНҚ-сы өзге сақ тайпаларының генетикалық ерекшеліктерімен сәйкес келетіні анықталған.
Ғалымдар элита мен қарапайым халықтың генетикалық байланысын қорғандардың көлемі, алтын әшекейлердің болуы, жылқының бірге жерленуі, дромос пен бассүйек трепанациясы сияқты белгілер арқылы зерттеген.
Нәтижесінде бір-бірінен ондаған шақырым қашықтықта орналасқан қорымдардағы элита өкілдерінің жақын туыс болғаны анықталды. Мәселен, Ақбейт қорғанында жерленген атасы мен Қарашоқыдағы немересінің арасындағы туыстық байланыс ДНҚ арқылы дәлелденген.
Зерттеу билеуші әулеттердің билік пен байлықты өз әулетінде сақтау үшін туыстық некелерді жиі қолданғанын да көрсетті. Статистикалық есептеулер бойынша, элита өкілдерінің бір-біріне туыс болу ықтималдығы қарапайым адамдарға қарағанда 11,3 есе жоғары болған.
Сонымен қатар сақ-скифтердің генетикалық құрамы Батыс далалық, Шығыс далалық және Оңтүстік Орталық Азиялық үш негізгі арғы тектің араласуынан қалыптасқаны анықталды. Элита өкілдерінің генетикалық құрамы қарапайым халыққа қарағанда біркелкі болған.
ДНҚ сараптамасы сақ ақсүйектерінің шамамен 42 пайызы әйелдер болғанын көрсетті. Олар ер адамдармен бірдей мәртебеде үлкен қорғандарға жерленіп, алтын әшекейлермен және қару-жарақпен бірге жерленген.
Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу сақ-скиф қоғамының әлеуметтік құрылымы бұрын болжанғаннан әлдеқайда күрделі болғанын дәлелдейді. Еңселі қорғандар мен салтанатты жерлеу рәсімдері кездейсоқ батырларға емес, бірнеше ұрпақ бойы билікті сақтап келген ықпалды әулеттерге арналған.