Қазақстанда алаяқтар егде жастағы адамдарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолданады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бірі туысыңыздың басына іс түсті деп қорқытса, енді бірі банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі болып хабарласады. Ішкі істер министрлігі зейнеткерлер жиі түсетін алаяқтықтың бес түрін атады.
Қаскөйлер көбіне қарт адамдардың сеніміне кіріп, қорқыныш пен алаңдаушылығын пайдаланады.
Зейнеткерлерді алдаудың ең көп тараған бес тәсілі:
1. «Туысыңыз қиын жағдайға тап болды»
Алаяқтар телефон шалып, баласы немесе басқа жақын туысы жол апатына түскенін не полицияға ұсталғанын айтады. Мәселені шешу үшін шұғыл ақша қажет деп, қаражат талап етеді.
2. «Ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз»
Өзін банк қызметкері немесе полицей ретінде таныстырған адам зейнеткердің жинағына қауіп төніп тұрғанын айтып, ақшаны арнайы шотқа аударуға көндіреді. Алайда мұндай «қауіпсіз шот» – алаяқтардың ойлап тапқан амалы.
3. «Есептегішті ауыстыру керек»
Қаскөйлер коммуналдық қызмет маманы болып хабарласып, есептегішті ауыстыру немесе тексеру қажет деген сылтаумен SMS-кодты сұрайды. Кодты алған соң азаматтың жеке деректері мен қаржылық сервистеріне қол жеткізуі мүмкін.
4. «Сізге өтемақы немесе қосымша төлем беріледі»
Зейнетақыны қайта есептеу, әлеуметтік төлем немесе өтемақы тағайындау сылтауымен банк картасының деректері мен SMS-кодтарын сұрайды.
5. «Ақшаңызды инвестициялап, мол табыс табыңыз»
Жоғары әрі кепілді пайда уәде етіп, зейнеткерлерді күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттейді. Соңында салған қаражатын қайтара алмай қалуы мүмкін.
Алаяқтарға сенген зейнеткер 4 миллион теңгесінен айырылды
Мұндай жағдайдың бірі Ақтөбе облысында болған. 65 жастағы зейнеткерге белгісіз адамдар есептегіш орнату сылтауымен хабарласып, SMS-кодын айтуды сұраған.
Кейін өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар ер адамды ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Нәтижесінде зейнеткер 4 миллион теңгесінен қағылған.
Полицейлер азаматтарға ешкімге SMS-кодты, банк картасының деректерін бермеуге және бейтаныс адамдардың сөзіне сеніп ақша аудармауға кеңес береді. Күдік туындаса, әңгімені тоқтатып, ресми нөмір арқылы тиісті мекемеге өзіңіз хабарласқан жөн.