Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кәсіпкер туралы жалған ақпарат таратып, кейін одан 50 миллион теңге талап еткен ер адам 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кассациялық сот оның жазасын өзгеріссіз қалдырды.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы бірнеше адаммен сөз байласып, интернет-ресурста кәсіпкер мен елорданың коммуналдық кәсіпорын басшыларының атына қатысты жалған мәліметтер жариялаған.
Атап айтқанда, олар кәсіпкер мен коммуналдық мекеме басшыларының қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істің фигурантымен байланысы бар деген ақпарат таратқан. Алайда бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмеген.
Жалған жарияланымдардың салдарынан кәсіпкер жалға алған тұрғын емес үй-жайдың келісімшарты бұзылып, оған ірі көлемде материалдық шығын келген.
Осыдан кейін ол кәсіпкерге қатысты оның мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін ақпараттарды жинап, әрі қарай таратуды тоқтатуға уәде берген. Бірақ бұл үшін ол 50 миллион теңге талап еткен. Ер адам ақшаны алып жатқан жерінде ұсталған.
Бірінші сатыдағы сот оны көрінеу жалған ақпарат тарату және аса ірі мөлшерде қорқытып ақша талап ету баптары бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Алайда сотталған азаматтың адвокаты кассациялық шағым түсіріп, қорғауындағы адамның кінәсі дәлелденбегенін айтып, үкімнің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істі қайта қарап, айыпталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары, тергеу материалдары және ақшаның берілуіне қатысты дәлелдермен толық расталғанын анықтады.
Сот дәлелдемелер заң талаптарына сай жиналғанын және істі қарау барысында үкімнің күшін жоюға негіз болатын елеулі заңбұзушылықтар болмағанын атап өтті.
Осылайша, кассациялық сот төменгі соттардың шешімдерін заңды деп танып, ер адамға тағайындалған 9 жылдық жаза күшінде қалдырылды.
Бұл туралы Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот хабарлады.