Астанада Telegram арқылы қыздардың жалған аккаунттарын ашып, ер адамдарды кездесуге шақырған үш азамат 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Олар жәбірленушілерді күштеп қала сыртына апарып, ұрып-соғып, бопсалау арқылы ақша талап еткен.
Астана прокуратурасының мәліметінше, сотталғандар ер адамдарды жалған кездесуге алдап шақырып, кейін оларды күшпен алып кеткен. Қаскөйлер жәбірленушілерді ұрып-соғып, масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан.
Осылайша, үш ер адам үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 млн теңге алған. Сонымен қатар олардың бірін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлесе, екіншісінің автокөлігін иемденіп кеткен.
Сотта мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдеді. Нәтижесінде үшеуі адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің материалдық залалды өтеу туралы талаптары да қанағаттандырылды.
Прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысқанда сақ болуға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау үшін мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.