Мазмұнға өту
qandastar.

Жалған видеолар, қаржылық келісімдер: Боқаев сотында қандай құпиялар ашылды?

Малика Хамит
Жалған видеолар, қаржылық келісімдер: Боқаев сотында қандай құпиялар ашылды?

Санжар Боқаевтың соты әлеуметтік желідегі қоғамдық белсенділік пен ақпараттық манипуляцияның арақатынасы туралы маңызды сұрақ туғызды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бір айдан астам уақытқа созылған сот процесінде оның қаржылық келісімшарттары, атышулы бейнероликтерінің қалай түсірілгені және оларды ұйымдастыруға қатысы бар адамдар туралы тың деректер айтылды.

2026 жылғы 16 қазанда Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа, оның жиені Мадияр Қалменовке және мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты іс қарала бастады.

Айыптау бес қылмыс құрамын қамтиды: алаяқтық, қылмыстық кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату.

87 миллион теңгелік келісімшарт

Істің қаржылық эпизодтары 2018 жылдан басталады. Сол кезде Боқаев «ҚазТрансГаз» компаниясында қызмет атқарып жүргенде «Еуропа – Қытай» автошеруін ұйымдастыруды ұсынған.

Іс-шараға жиені Мадияр Қалменовке тиесілі «BM Trust» және танысы басқаратын «We Can» компаниялары тартылып, олармен жалпы сомасы шамамен 87 миллион теңгеге келісімшарт жасалған.

Алайда сотта жауап берген куәгерлер «BM Trust» компаниясының нақты қандай жұмыс атқарғанынан хабарсыз екенін айтқан. Ал компанияға түскен қаражаттың бір бөлігі жиһаз өндірісіне арналған жабдық сатып алуға және өзге кәсіпкерлерге аударылған.

Бұдан бөлек, автошеру туралы деректі фильм түсіруге бөлінген 12,3 миллион теңгенің фильм түсірілмей-ақ қолма-қол ақшаға айналдырылып, Боқаевқа берілгені туралы куәгер айғақ берді.

Боқаев сотта жиенінің компаниясын іс жүзінде өзі басқарғанын жоққа шығармады. Айыптау нұсқасына сәйкес, кәсіподақ қаражатының шамамен 42 миллион теңгесі жымқырылған.

Миллиондаған қаралым жинаған видеолардың артында не болды?

Боқаевтың Үлкен Алматы өзені бойындағы гранит тақталардың ұрлануы туралы бейнеролигі кезінде үлкен резонанс тудырған еді. Бірақ сотта мобилограф Ұлан Нүсіпқожа бұл оқиғаның екі рет түсірілгенін айтты.

Оның сөзінше, алғашқы түсірілім Боқаевты қанағаттандырмағандықтан, тақталарды қайта сатып алып, тасымалдау ұйымдастырылған. Сотта жарияланған хат алмасулар мен аудиожазбаларда Боқаевтың түсірілім барысына араласып, орындаушыларға тапсырма бергені көрсетілді.

Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуіне қатысты бейнеролик бойынша да осындай айғақтар айтылды. Нүсіпқожаның мәлімдеуінше, ағаштарды кесуді Боқаевтың тапсырмасымен Ақылбек Хамракулов ұйымдастырған. Кейін Боқаев оқиға орнына барып, бейнеролик түсірген.

Парк өкілдерінің мәліметінше, оқиға салдарынан бес ағаш кесіліп, тағы он бір ағаш зақымданған. Сонымен қатар тоғай аумағында тұрғын үй кешендерін немесе коммерциялық нысандарды салу жоспарланбағаны айтылды.

Миллиардтаған теңге туралы мәлімдемелер қаншалықты шындыққа жанасады?

Боқаевтың тағы бірқатар видеосында Алматыны абаттандыруға бөлінген бюджет қаражаты сыналған. Мысалы, екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге бір миллиард теңге жұмсалатыны айтылған.

Алайда сотта бұрынғы аудан әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстары екі емес, он нысанды қамтығанын түсіндірді.

«Атакентті» жаңғыртуға қатысты 12 миллиард теңге туралы мәлімдемеде де жобаның толық мазмұны көрсетілмегені айтылды. Шын мәнінде, жоспарға фонтандарды жаңарту, су қоймаларын салу, автоматты суару жүйесін орнату және 63 мың жасыл желек отырғызу кірген.

Сотта зерттелген сараптама қорытындысында бес бейнероликтен аудиторияға ақпараттық-манипуляциялық ықпал ету белгілері анықталғаны мәлім болды.

Мобилографтың айғағы және соттың негізгі сұрағы

Істегі маңызды куәгерлердің бірі – Боқаевтың жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа. Оның айтуынша, бейнероликтердің тақырыбы мен мәтінін Боқаев дайындаған, ал өзі түсіру және монтаж жұмыстарын атқарған.

Нүсіпқожа тергеу басталғанда Боқаев оған жауап бермеуді және «ештеңе есімде жоқ» деп айтуды ұсынғанын мәлімдеді. Кейін мобилограф толық жауап беруге шешім қабылдаған.

Оның айғақтары гранит тақталар мен Баум тоғайындағы оқиғалардың қалай ұйымдастырылғанына қатысты жаңа мәліметтерді ашуға мүмкіндік берді.

Қоғамдық сенімнің бағасы қандай?

Боқаевтың ісі тек қаржылық келісімдер немесе жалған бейнероликтер туралы емес. Бұл – әлеуметтік желідегі ықпал мен қоғамдық сенімнің жауапкершілігі туралы мәселе.

Мемлекеттік шығындарды сынау, экологияны қорғау және жемқорлықты әшкерелеу – қоғамға қажет жұмыс. Бірақ мұндай әрекеттер нақты деректер мен дәлелдерге сүйенуі керек.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық соты үкім шығарды. Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы журналистика, блогинг, әлеуметтік желілер және жария қызмет саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Оның жиені Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал мобилограф Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, бес жылға тиісті қызметпен айналысуына тыйым салынды.

Бұдан бөлек, Боқаев пен Қалменов «ҚазТрансГаз» кәсіподағына ортақ тәртіппен 42,2 миллион теңге өтеуге міндеттелді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp