Мазмұнға өту
qandastar.

Жамбыл облысында алғаш рет республикалық «Жас сақшы» форумы өтті

Бақытжан Мұса · · 256 қаралым
Жамбыл облысында алғаш рет республикалық «Жас сақшы» форумы өтті

Жамбыл облысында республика деңгейінде алғаш рет «Жас сақшы – қауіпсіз болашаққа қадам» атты форум ұйымдастырылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлайды.

Іс-шара Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Форумға еліміздің 19 облысынан келген «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты. Жиынға Жамбыл облысының әкімі, ҚР ІІМ өкілдері, құқық қорғау және арнайы органдар басшылығы, полиция ардагерлері, мектеп директорлары және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру және полиция мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту. Іс-шара барысында өңірлерде жүзеге асырылып жатқан «Жас сақшы» жобасының жұмысы таныстырылып, оқушыларға құқықтық тәрбие беру бағытындағы тәжірибелер көрсетілді. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 43 полиция сыныбы жұмыс істеп, онда 900-ге жуық оқушы білім алуда.

Жиында ресми өкілдер «Жас сақшы» бастамасының жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлін атап өтті. Сонымен бірге, форум аясында жол қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу және есірткі қылмысына қарсы күрес тақырыптарында сахналық қойылымдар көрсетілді.

Салтанатты шара барысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларға 15 қызметтік автокөліктің кілті табысталды. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар мен жетекшілер марапаттарға ие болды.

Форум аясында Тараз қаласындағы №15 мектеп-гимназиясы оқушылары мен полиция қызметкерлері «Жас сақшы» гимнін алғаш рет көпшілікке ұсынды. Қатысушылар полиция музейін аралап, тарихпен танысты, сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба жас ұрпақты заңға құрметпен қарауға және қоғамға қызмет етуге баулитын маңызды бастама болып саналады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp