Жамбыл облысында бес күн бойы із-түзсіз жоғалған малшы аман-есен табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты мәлімдеді.
Ведомствоның ақпаратынша, 1982 жылы туған ер адам 2 мамыр күні Меркі ауданындағы Тәтті ауылынан шамамен 40 шақырым жердегі қыстақтан мал жаюға шығып, кейін байланысқа шықпаған.
Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы мамандары, кинологтар, дрондар және “Қазавиақұтқару” авиациясы тартылған. Адам жоғалса, бүкіл жүйе қозғалады. Ал күнделікті өмірде кей мекемеден бір анықтама алу үшін үш кабинет аралайсың. Табиғат пен бюрократияның айырмасы осы шығар.
Нәтижесінде малшы жоғалған орыннан 35 шақырым қашықтықтағы шаруа қожалықтарының бірінен табылды. Сонымен қатар жоғалған мал да анықталған.
Ер адамға медициналық көмек қажет болмаған.