Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау мен үш кәмелетке толмаған баланың өз-өзіне қол жұмсауына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Іс материалдары сотқа жолданды.
Арнайы прокурорлардың мәліметінше, ауыл мектептерінде оқушылар арасында «Система» деп аталатын бейресми құрылым қалыптасқан. Оның өзіндік иерархиясы, бағыну тәртібі, мінез-құлық ережелері мен жазалау жүйесі болған.
Тергеу нәтижесінде оқушыларды бопсалау әрекеттері мен үш жасөспірімнің өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс бары анықталған.
Осы іске байланысты екі күдіктіге қорқытып алу және кәмелетке толмағандарды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу баптары бойынша айып тағылды. Олар қамауға алынды. Тағы бес адамға қорқытып алу дерегі бойынша айып тағылып, оларға қатысты өзге де бұлтартпау шаралары қолданылған.
Қазіргі уақытта мектеп оқушылары арасында әрекет еткен бейресми топтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар прокурорлар құқық бұзушылықтарға жол берген немесе олардың алдын алуға тиіс органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, анықталған олқылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізген.
2026 жылғы 23 қазанда қылмыстық іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға жіберілді.