Мазмұнға өту
qandastar.

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері» пәні енгізіледі

Малика Хамит · · 938 қаралым
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері» пәні енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептердің білім беру бағдарламасына бірқатар жаңа міндетті пәндер енгізіледі.

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды

порталы.

Министрдің айтуынша, жаңартылған оқу бағдарламалары жаңа Конституция талаптарына сәйкес әзірленіп жатыр. Басты мақсат – оқушыларға теориялық білім берумен қатар азаматтық жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері» пәні оқытылады. Оның аясында оқушылар еліміздің конституциялық құрылысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік басқару жүйесі және құқықтық мәдениет негіздерімен танысады.

Сондай-ақ 8–11 сыныптар үшін «Заң мен тәртіп» міндетті курсы енгізіледі. Пән құқықтық сауаттылықты арттыруға, заң талаптарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Бұдан бөлек, 5–11 сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» курсын меңгереді. Бағдарлама ақпараттық қауіпсіздік, кибергигиена, төтенше жағдайларда әрекет ету және қауіптердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларды қамтиды.

Жаңартылған білім мазмұны ең алдымен тұлғаның жан-жақты дамуына, іргелі білімді нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталады. Сонымен қатар тәрбиелік компоненттің мазмұны едәуір күшейтіледі
деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның сөзінше, білім беру жүйесіне «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» бастамасы және жаңа Конституцияның негізгі идеялары толық енгізіледі. Нәтижесінде мектептер заңға құрметпен қарайтын әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды тәрбиелеуге басымдық береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp