Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Кудряшово ауылдық округіндегі Жаңаауыл ауылында жол мәселесі әлі шешілмеген. Әсіресе жаңбырлы күндері тұрғындардың жағдайы күрт қиындайды. Балалар мектепке жете алмайды, ал қарттар дүкенге барудың өзін үлкен сынақ ретінде көреді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеп хабарлады.
Өткен аптада ауыл тұрғыны Айзада Жайғалиқызының 2-сыныпта оқитын баласы мектепке бара жатып, батпаққа құлап қалған. Киімі былғанған соң, ол үйіне қайтып, сол күні сабаққа бара алмаған. Тұрғынның айтуынша, мұндай жағдай жиі қайталанады.
Ауыл маңындағы Бөкейхан, Сафон, Бірлік, Утера сияқты елді мекендерде асфальт жол бар, ал Жаңаауылда әлі күнге дейін қарастырылмаған. Автобус қатынасы да толық жолға қойылмаған, тек асфальт бар жерге дейін ғана жүреді.
Айзада Жайғалиқызының айтуынша, жол салынады деген уәде бұрын берілген. Жақында КамАЗ көлігімен топырақ төселгенімен, жаңбыр жауса, жағдай қайтадан бұрынғы қалпына түседі. Оның үстіне ауылда қаңғыбас иттер мен шакалдардың болуы да тұрғындарды алаңдатып отыр.
Жаңбырлы күндері ауыл тұрғындары үйден шыға алмай қалады. Такси жүрмейді, жұмысқа бару қиын, ал мектепке жету тіпті үлкен мәселеге айналады. Кейбір оқушылар бірнеше рет батпаққа құлап, үйлеріне қайтуға мәжбүр болған.
Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы ауылішілік жолдарды жаңғырту жобасына қатысты жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін "ЛМ Транспроект" ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Жобаның жалпы құны 5,7 млн теңгені құрайды. Құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілуге әзір.
Жоба аясында Кудряшов, Жаңаауыл және Арна ауылдарының жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын жолдары мен тротуарлары қамтылмақ.
Кейінірек белгілі болғандай, бұрын топырақ төселген учаскеде жол құрылысы басталған. Бірақ тұрғындар үшін нақты нәтиже қашан көрінетіні әзірге белгісіз.