Мазмұнға өту
qandastar.

Жанармай тапшылығы туралы қауесетке министрлік нүкте қойды

Малика Хамит · · 521 қаралым
Жанармай тапшылығы туралы қауесетке министрлік нүкте қойды

Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығының қаупі жоқ.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ведомствоның мәліметінше, жазғы демалыс және туристік маусым кезінде ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлемде мұнай өнімдерінің қоры жасақталған.

Қазіргі таңда елдегі жалпы резерв көлемі 1,1 миллион тоннадан асады. Оның ішінде АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин мен дизель отынының қоры жеткілікті деңгейде сақталуда.

Министрлік қорлардың тұрақты түрде толықтырылып отырғанын атап өтті. Бұл жұмыс отандық мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз өндірісі есебінен жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, жанар-жағармайдың заңсыз сыртқа шығарылуын болдырмау үшін бірқатар бақылау шаралары жалғасып жатыр. Биылғы 21 қарашаға дейін мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін автомобиль және теміржол көлігі арқылы экспорттауға уақытша шектеу күшінде қалады.

20 маусымнан бастап мемлекеттік шекарадағы бақылау да күшейтілді. Бұл жұмысқа ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, мемлекеттік кірістер және қаржылық мониторинг органдары тартылған.

Өңірлерде арнайы штабтар жұмыс істеп жатыр. Олар жанармай құю бекеттеріндегі қор көлемін бақылап, отынның заңсыз әкетілуіне және нарықтағы ықтимал заңбұзушылықтарға мониторинг жүргізуде.

Энергетика министрлігі Қазақстанда жанармайдың бөлшек саудадағы бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін, оның нарықтық тетіктер арқылы қалыптасатынын еске салды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp