Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан бас тартып, енді суперорта салмақта өнер көрсетуге шешім қабылдады, деп хабарлайды
порталы.
Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Жәнібектің айтуынша, бұл шешім АҚШ-тағы командасы, промоутері және менеджерімен ақылдаса отырып қабылданған. Ол жаңа салмақта да жоғары нәтижеге жетуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз. Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық. Бұл шешімді Америкадағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып, мақсат қоя қабылдадық. Бұйырса, біз 3-4 салмақтың чемпионы боламыз!
Осы шешімнен кейін боксшы орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен ресми түрде бас тартады. Ал бұл титул уақытша чемпион Дензел Бентлиге өтуі мүмкін.
Суперорта салмақтағы WBO белбеуінің қазіргі иегері – Хамза Шираз. Ұйым ережесіне сәйкес, жоғары салмаққа ауысқан бұрынғы чемпион бірден титулдық жекпе-жекке үміткер бола алады. Сондықтан алдағы уақытта Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы чемпиондық кездесу өтуі ықтимал.
Айта кетейік, 33 жастағы қазақстандық боксшы қазір допингке қатысты іс бойынша уақытша спорттан шеттетілген. Соған қарамастан, ол алдағы жекпе-жектерге дайындықты бастап кеткенін мәлімдеді.