Қазақстанда жәрдемақы алушылар отбасының әлеуметтік жағдайын алдын ала бағалайтын жаңа мүмкіндікті пайдалана алады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол үшін eGov Mobile қосымшасында арнайы калькулятор іске қосылған. Алайда бұл сервистің нәтижесі жәрдемақының тағайындалуына немесе төлемнің тоқтатылуына әсер ете ме? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
Министрлік мәліметінше, калькулятор отбасының әл-ауқатын бағалап, әлеуметтік жағдайын алдын ала тексеруге арналған. Қосымшаға кірген соң азамат туралы кейбір ақпарат мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі.
Олардың қатарында:
- пайдаланушының жасы мен жынысы;
- атына тіркелген жеңіл және коммерциялық көліктер;
- ауыл шаруашылығы техникасы;
- жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері;
- кәсіпкерлік қызметке қатысуы бар.
Ал отбасы мүшелері, олардың жұмыспен қамтылуы, мүгедектігі немесе созылмалы аурулары, несиелері мен мүлкі туралы ақпаратты азаматтың өзі енгізуі керек.
Сондай-ақ отбасының орташа айлық табысын сыйақы мен үстемеақыларды қоса есептеп, бір жалпы сомамен көрсету қажет. Ал тұрғын үй, көлік және жер учаскелері отбасының әр мүшесі бойынша жеке толтырылады.
Ескі мәліметтерді өзгертуге бола ма?
Егер калькуляторда бұрын сатылған көлік немесе иеліктен шыққан басқа мүлік көрсетілсе, пайдаланушы оны сервистің ішінде түзете алады. Бірақ бұл өзгеріс мемлекеттік дерекқордағы ресми ақпаратты жаңартпайды.
Ресми мәліметтерді түзету үшін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile арқылы тиісті мемлекеттік органға өтініш беру қажет. Сондай-ақ тұрғылықты жердегі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге болады.
Калькулятор жәрдемақыны тоқтатуы мүмкін бе?
Министрлік бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме берді: калькулятордың нәтижесі жәрдемақыға әсер етпейді.
Яғни алдын ала бағалау кезінде отбасының әл-ауқаты төмен немесе жоғары деп көрсетілсе де, бұл төлемді тағайындауға, оның мөлшерін өзгертуге немесе жәрдемақыны тоқтатуға негіз болмайды.
Бұған қоса, калькуляторды пайдалану жәрдемақыдан бас тарту туралы өтініш болып саналмайды.
Сервис тек ақпараттық мақсатта жұмыс істейді. Оның көмегімен азаматтар отбасының әлеуметтік жағдайын алдын ала бағалап, енгізілген деректерді тексере алады. Қажет болса, мәліметтерді толықтырып, есептеуді қайта жүргізуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, калькулятор әзірге тек жәрдемақы алушыларға қолжетімді. Қызметті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пайдалануға болады. Есептеуді бірнеше рет жасауға рұқсат етілген.