Мазмұнға өту
qandastar.

Жәрдемақыдан қағыласыз деген ақпарат рас па? Министрлік түсініктеме берді

Малика Хамит
Жәрдемақыдан қағыласыз деген ақпарат рас па? Министрлік түсініктеме берді

Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар жойылады немесе төлем мөлшері қысқарады деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желіде тараған мәліметтерге қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекет азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауды жалғастырады. Қазір әлеуметтік қолдау жүйесін өзгерту емес, оны жетілдіру, көмекті шынымен мұқтаж адамдарға бағыттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақылар бұрынғыдай төленеді. Бұл төлемдер отбасының табысына немесе материалдық жағдайына байланысты болмайды.

Сондай-ақ жүктілік пен босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты әлеуметтік төлемдер де толық көлемде сақталады.

Ал келесі жылдан бастап республикалық бюджеттен берілетін 36 түрлі жәрдемақының 12-сіне қатысты жаңа тәсіл енгізу жоспарланып отыр. Яғни бұл төлемдерді тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Осылайша, мемлекеттік көмекті бөлуде атаулылық қағидаты күшейтілмек.

Министрлік әлеуметтік қолдауды жаппай қысқарту немесе азаматтарды жәрдемақыдан айыру туралы әңгіме жоқ екенін атап өтті.

Ведомство азаматтарды әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp