Шалқарда пәтер тонаған ұры есікке дейін барып, құлыппен әуре болмаған.
Себебі үйдің кілті оның көз алдында «жасырылып» тұрған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болған. Пәтерден шамамен 1 миллион теңгенің алтын бұйымдары мен әшекейлері жоғалған.
Полицияның анықтауынша, үй иесі қосымша қауіпсіздік үшін кілтін кіреберістің жанындағы кірпіштің астына қалдырған. Алайда бұл жердің құпиясы ұзақ сақталмаған. 39 жастағы күдікті кілтті тауып, пәтерге еркін кірген.
Ол үйдегі алтын бұйымдарды алып, кейін оларды ломбардқа өткізген. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Осылайша, бұл ұрлықта есік те бұзылмаған, құлып та ашылмаған. Кілттің өзі ұрыға жол ашқан.
Полиция тұрғындарға кілтті есік маңындағы кірпіштің, кілемшенің немесе басқа да оңай болжанатын жерлерге қалдырмауды ескертеді. Мұндай «жасырын орындар» ұрылар үшін аса құпия емес.
Қазір аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.