Қазақмыс Қарағайлы байыту фабрикасындағы жұмысшыларға арналған жатақханасы бар әкімшілік-тұрмыстық корпусты жаңартып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жобаға 214,7 млн теңге қарастырылған.
Жөндеу жұмыстары 2 шілдеде басталған. Аумағы 1 326 шаршы метр болатын ғимараттың шатыры толық ауыстырылып, ағаш конструкциялары өрттен және биологиялық зақымданудан қорғайтын арнайы құраммен өңделді.
Сонымен қатар ғимараттың қасбеті металл-сайдингпен қапталып, жаңа терезелер орнатылды. Екінші қабаттағы бөлмелердің орналасуы өзгертіліп, қабырға, еден және төбелердің ескі жабындары алынды. Жуынатын және санитарлық бөлмелерге жаңа плитка төселіп, биметалл радиаторлар қойылды.
Қазір бірінші қабаттағы ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимарат маңындағы аумақ та абаттандырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпусқа апаратын жолдың асфальты жаңартылды.
Жоба бойынша барлық жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Компанияның мәліметінше, бұл Қарағайлы фабрикасындағы ғана жоба емес. 2026 жылы «Қазақмыс» еңбек жағдайын жақсарту және әкімшілік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңарту үшін жалпы 2,44 млрд теңге бағыттаған. Қаражат жатақхана, асхана, медициналық пункт, жуынатын бөлме, зертхана және басқа да нысандарды жөндеуге жұмсалып жатыр.
Қарағайлы байыту фабрикасы «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамына кіреді. Кәсіпорын Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан өндірілетін полиметалл кенін өңдейді. Фабриканың жылдық өндірістік қуаты – 1,4 млн тонна кен. Негізгі өнімдері – мыс және пирит концентраты.