Астанадағы мектептердің бірінде оқушы қыз екі қатарласына пышақ жарақатын салды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Зардап шеккендердің екеуі де 16 жаста. Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Оқыс оқиға елордадағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім беру мекемелерінің бірінде болған. Оқиға туралы ақпарат пен бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.
Полицияның мәліметінше, шабуыл салдарынан екі оқушы жарақат алған. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер зардап шеккендердің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын хабарлады. Қазіргі уақытта олар амбулаторлық ем қабылдап жатыр.
Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке қойылып, психикалық денсаулық орталығы мамандарының қарауына тапсырылған.
Сонымен қатар оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция оқиғаның неден болғанын және оған қандай жағдайлар себеп болғанын анықтап жатыр. Осыған байланысты білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныстар жолданған.
Бұдан бөлек, тергеу барысында мектептің қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға берілмек.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.