Қазақстанда жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдерге арналған ірі спорттық жарыстар ұйымдастырылады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ел бойынша ұлттық спорт пен олимпиадалық бағыттарды қамтитын ондаған турнир мен чемпионат өткізу жоспарланып отыр.
Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәліметінше, жаз мезгілінде жеңіл атлетика, дзюдо, регби, скейтбординг, су добы және үстел теннисі бойынша кемінде 10 республикалық жарыс өтеді.
Оған 9-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатысады.
Ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөлінбек. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан халықаралық «Жас Үміт» турнирі, сондай-ақ қазақ күресі, асық ату, жамбы ату, аударыспақ және дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаттары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 1 маусым – Балаларды қорғау күні мен 16 тамыз – Спорт күніне орай еліміздің барлық өңірінде бұқаралық спорттық іс-шаралар өтеді. Бағдарламаға марафондар, спартакиадалар, турнирлер, жарыстар және отбасылық көңілді старттар енгізілген.
Жазғы маусымдағы ең ірі халықаралық шаралардың бірі – 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа мыңға жуық ерікті студент қатысады деп күтілуде. Негізгі аудитория балалар мен жасөспірімдер болады.