Әлеуметтік желіде біреуді айыптап жазу немесе оның суретін рұқсатсыз жариялау сот дауына ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазақстан соттарының соңғы істері мұндай жазбалар үшін моральдық өтемақы өндірілетінін көрсетті.
Мәселен, Өскемен тұрғыны Instagram-да өзінің суреті әдепсіз сөздермен және оның мінез-құлқына қатысты жағымсыз пікірлермен бірге жарияланғанын анықтаған. Жазба авторлары мұны «жеке пікіріміз» деп түсіндіруге тырысқан.
Алайда сот бұл уәжді қабылдамаған. Соттың пайымдауынша, нақты адамға қатысты эмоциялық айыптаулар жай пікір емес, дәлелдеуді қажет ететін мәлімдемелер болуы мүмкін. Ал жауапкерлер өз сөздерінің дұрыстығын растайтын дәлел ұсынбаған.
Бұған қоса, әйелдің фотосын оның келісімінсіз жариялау да құқықтық салдарға әкелген.
Сот жарияланымдарды алып тастап, оларды теріске шығаруды міндеттеді. Сонымен бірге екі жауапкердің әрқайсысынан 300 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы және сот шығындары өндірілді. Кейін апелляциялық және кассациялық соттар бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Тағы бір жағдайда WhatsApp-тағы чаттағы жазбалар сотта дәлел ретінде қаралған.
Астана тұрғыны тұрғындар жиналысына қатысқаннан кейін көп ұзамай өз суретінің шамамен 1,5 мың адам отырған екі WhatsApp чатында жарияланғанын көрген. Сот мессенджердегі скриншоттарды электрондық дәлел ретінде таныды.
Сот адамның фотосын оның келісімінсіз үлкен аудиторияға тарату құқықтарын бұзатынын атап өтті. Дегенмен жазбаларды чаттан алып тастау туралы талап қанағаттандырылмады. Себебі белгілі бір уақыт өткеннен кейін хабарламаларды барлық қатысушылардың құрылғыларынан техникалық тұрғыда өшіру мүмкін емес.
Нәтижесінде екі көршіден талап қоюшының пайдасына 20 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы өндірілді. Ал үшінші жауапкердің бұл іске қатысы дәлелденбегендіктен, оған қойылған талап қанағаттандырылмады.
Сот практикасы әлеуметтік желідегі жазбаларға мұқият қарау керектігін көрсетеді. Instagram-дағы жарияланым, WhatsApp-тағы хабарлама немесе олардың скриншоты сотта дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Ал басқа адамның фотосын оның келісімінсіз жариялау да құқықтық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.