Әлеуметтік желілерде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында табиғатқа жіберілген жолбарыс объективке түсіп қалды деген ақпаратпен фотосурет кеңінен тарады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Алайда бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.
Резерваттың мәліметінше, таралған суретте жасанды интеллект көмегімен жасалған белгілер байқалады.
Сондықтан оны шынайы фото ретінде қабылдауға негіз жоқ.
Мамандардың айтуынша, табиғатқа жіберілген жолбарыс аналығы арнайы спутниктік GPS құрылғысымен жабдықталған және оның қозғалысы тәулік бойы үздіксіз бақылауда болады. Сол себепті жануардың «кездейсоқ түсірілгені» туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Резерват тұрғындар мен БАҚ өкілдерін әлеуметтік желідегі тексерілмеген мәліметтерге сенбеуге және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырды.
Сондай-ақ жалған ақпарат пен шындыққа сәйкес келмейтін фото немесе бейнематериалдарды тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді.