Қазақстанда жеңгетайлықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Грузиядан елге қайтарылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Өзбекстан азаматы халықаралық іздеуде болған.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті өзге топ мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын адамдардың қызметін интернет арқылы жарнамалауға көмектескен. Атап айтқанда, олар «Kyzdar.net» сайтына сауалнамаларын орналастырған адамдардан арнайы шоттарды толықтыруға өтінім қабылдап отырған.
Заңсыз схеманың ұйымдастырушылары түскен ақшадан өздеріне комиссиялық сыйақы қалдырып, қалған қаражатты сайт әкімшілеріне аударған. Осылайша, топ жезөкшелік қызметтерін жарнамалау мен ілгерілетудің тұрақты жүйесін жолға қойған.
Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Алайда кейбір қатысушылар, соның ішінде осы күдікті де тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл шілдеде әйел Грузия аумағында ұсталды. Кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Күдіктіге қандай жаза берілуі мүмкін?
Оған тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.