Жетісай ауданында алғашқы қауын өнімдері пісіп, экспортқа жөнелтіле бастады. Биыл өңірде 79,2 мың гектар суармалы жердің басым бөлігіне ауыл шаруашылығы дақылдары егілген: 44 мың гектарға мақта, 17,1 мың гектарға бақша өнімдері, 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс, ал 6,4 мың гектарға жоңышқа отырғызылған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Бақша дақылдарының ішінде қауын негізгі үлесті құрайды. Жалпы 17,1 мың гектардың 14,2 мың гектарына қауын, 3 мың гектарына қарбыз егілген. Қазіргі уақытта ерте піскен алғашқы өнімдер жиналып, нарыққа шығарылуда.
Жергілікті шаруалардың бірі – Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диханшылықпен айналысып келеді. Оның «Әл-Фараби» шаруа қожалығының иелігінде 300 гектар жер бар. Соның 260 гектарына мақта, 40 гектарына қауын көшеттері отырғызылған. Шаруашылық биыл да өнімді ерте жинап, нарыққа шығаруды жоспарлаған.

Қожалық «Нұр-Бакинка» сортындағы қауынды өсіріп, өнім жинауды бастап кетті. Көктемде егілген көшеттер ауа райының қолайсыздығына байланысты 65 күннің орнына 80 күнде піскен. Қазіргі таңда өнім Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспортталуда. Делдалсыз сатылатын қауынның бағасы келісіне шамамен 650 теңгені құрайды.
Өткен жылы аудан бойынша бақша өнімдерінің жалпы көлемі 510 мың тоннаны құраған.