Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, 1000-нан астам алаяқтық сайттың қызметі бұғатталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтыққа қатысты 171 дерек тіркелген. Полиция органдары 104 қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың 94-ін сотқа жіберген. Сонымен қатар 37 эпизодты қамтитын күрделі қылмыстық іс те сот қарауына жолданды.
Киберқылмыстардың алдын алу мақсатында 2025 жылдан бастап Жетісу облысының прокуратурасы, полиция департаменті және бірқатар байланыс операторлары мен медиа ұйымдар арасында үшжақты меморандумдарға қол қойылған. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – интернет-қылмыстарды анықтау, алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.
Профилактикалық жұмысқа студенттік жасақтар, еріктілер ұйымдары және блогерлер тартылып, тұрғындарға арналған QR-коды бар ақпараттық бейнематериалдар әзірленді. Қоғамдық орындарда шамамен 58 мыңға жуық жадынама мен брошюра таратылған.
Мониторинг нәтижесінде 1000-ға жуық алаяқтық сайт анықталып, бұғатталды. Бұдан бөлек, киберполиция 10 адамнан тұратын екі дропперлік топты ұстады, бұл фактілер бойынша 8 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Мамандар интернет-алаяқтар азаматтарды алдау тәсілдерін үнемі өзгертіп отыратынын атап өтіп, тұрғындарды сақ болуға, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.