Жетісу облысында бірнеше өңірге синтетикалық есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасы мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық желінің жұмысы шетелден басқарылып отырған. Арнайы операция барысында топтың сегіз мүшесі ұсталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, шетелдік ұйымдастырушы синтетикалық есірткінің жеткізілуін қадағалап, топ мүшелеріне тапсырмалар беріп, жасырын орындардың мекенжайларын жолдап отырған. Сондай-ақ олардың еңбекақысы криптовалюта арқылы төленген.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер Талдықорған, Алматы, Қонаев, Қаскелең және Павлодар қалаларында есірткі сақтайтын жасырын орындар ұйымдастырған.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары «мефедрон» болуы мүмкін ақ түсті ұнтақ салынған орамдарды, сондай-ақ іске қатысы болуы мүмкін өзге де заттарды тәркілеп, оларды сараптамаға жіберді.
Сонымен қатар тергеушілер күдіктілердің ұялы телефондарын және Exodus криптовалюта әмияны арқылы жүргізілген қаржылық операцияларға қатысты мәліметтерді дәлел ретінде алған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушының жеке басын, оның нақты қайда екенін, есірткі жеткізу арналары мен қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау бағытында жедел-іздестіру және тергеу шаралары жалғасуда.
Істің тергелу барысы Жетісу облысы прокуратурасының бақылауына алынған.