Жезқазғанда жазатайым оқиға болып, бір қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жезқазған қаласында кәріз жүйесін жөндеу кезінде жазатайым оқиға салдарынан бір жұмысшы көз жұмып, тағы бір қызметкер ауыр жағдайда ауруханаға түсті.
Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қайғылы жағдай 20 мамырда Абай мен Чехов көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, кәріз коллекторын тазалау жұмыстары кезінде су құбыры цехының екі слесарі зардап шеккен.
Олардың бірі — 18 жыл еңбек өтілі бар қызметкер оқиға орнында қаза тапқан.
Ал 11 жылдық тәжірибесі бар екінші жұмысшы Жезқазған облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ зардап шеккен жұмысшының жағдайы мен алған жарақатының ауырлығы тексерілуде.
Еңбек министрлігі өндірістік апатқа байланысты арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Комиссия қайғылы жағдайдың себептерін жан-жақты зерттеп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізеді.