Kazakhmys Smelting өндірісті ұлғайтып, металлургиялық кешенді жаңғыртуда, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Kazakhmys Smelting металлургиялық дивизионы өндірістік көрсеткіштердің тұрақты өсімін қамтамасыз етті.
Компания мәліметінше, тазартылмаған мыс өндірісі 13%-ға артса, күкірт қышқылын шығару көлемі 11%-ға өсіп, соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. Сонымен қатар, шихта өңдеу көрсеткіші тарихи максимумға көтерілді.
Мұндай нәтижелерге технологиялық үдерістерді тұрақтандыру, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу және өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттыру арқылы қол жеткізілген. Компания 2026 жылы шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету жағдайында өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр.
Өндірістік өсіммен қатар, кәсіпорын металлургиялық инфрақұрылымды жаңғырту және экологиялық талаптарға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Осы ретте негізгі жобалардың бірі – Жезқазған мыс балқыту зауыты базасында жаңа күкірт қышқылы кешенін салу.
Аталған кешен іске қосылғаннан кейін қалдық газдарды кәдеге жарату деңгейі айтарлықтай артып, күкірт диоксиді шығарындылары 90%-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Бұл жоба өндірістің экологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, қолданыстағы талаптарға толық сәйкестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, компанияның даму стратегиясы үш негізгі бағытқа негізделген: өндіріс көлемін арттыру, металлургиялық қуатты техникалық жаңғырту және экологиялық жүктемені кезең-кезеңімен төмендету. Kazakhmys тобы үшін бұл бағыттар ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етудің негізгі факторы ретінде қарастырылып отыр.