«Қазақмыс» Жезқазғандағы мыс қорын анықтау үшін барлау жұмысын күшейтті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
«Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған кен орындарындағы мыс қорын нақтылап, өндірістік кәсіпорындардың шикізат базасын кеңейтуге кірісті. Биылғы тоғыз айда компания жобалары бойынша 17,2 мың қума метр геологиялық барлау және бұрғылау жұмысы орындалды.
Корпорацияның мәліметінше, бұл жоспарланған көлемнің 104,6 пайызына тең. Жұмыстардың негізгі бөлігі Жезқазған кеніштерін одан әрі дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, №114 келісімшарт аясында Жезқазған кен орнының қапталдарында жалпы ұзындығы 4 750 метр болатын жеті ұңғыма бұрғыланды. Сонымен қатар кен орнының терең қабаттарын зерттеу үшін жалпы тереңдігі 3 500 метрден асатын тағы төрт ұңғыма қазылды.
ГРП кентінің маңында жер бетіне жақын орналасқан мыс қорларын зерттеуге де көңіл бөлінді. Бұл аумақта шамамен 1 800 қума метр бұрғылау жұмысы жүргізілді.
Алдағы уақытта Жезқазған-Жыланды кенді ауданында геохимиялық және геофизикалық зерттеулер, соның ішінде 2D-сейсмикалық барлау өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2027 жылы 30 мың қума метрден астам бұрғылау жұмыстарын қамтитын жаңа бағдарлама басталмақ.
Барлау жұмыстары корпорацияның өзге де өндірістік алаңдарында жүргізілді. Нұрқазған кен орнында 2 300 метрден астам, Қажықонған-Алтынтөбе кенді алаңында 1 600 метр және Абыз учаскесінде 2 800 метрден астам бұрғылау жұмысы орындалды.
«Қазақмыс» жаңа командасы минералдық-шикізат базасын дамытуды ұзақ мерзімді стратегиясының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Геологиялық барлау нәтижелері кен орындарының әлеуетін бағалауға және компанияның өндірістік нысандарын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін айқындауға көмектеседі.