Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жүргізуші көлікті тоқтатып, апаттық белгіні орнатып, зардап шеккендерге көмек көрсетуі керек. Заң талаптарын сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларына сәйкес, жол-көлік оқиғасына (ЖКО) тап болған жүргізуші ең алдымен көлік құралын тоқтатып, апаттық дабыл шамдарын қосуы тиіс. Сондай-ақ апаттық тоқтау белгісін елді мекендерде көліктен кемінде 15 метр, ал елді мекендерден тыс жерлерде кемінде 30 метр қашықтыққа қою қажет.
Егер оқиға салдарынан адамдар жарақат алса, жүргізуші алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 103 нөміріне хабарласуы керек. Шұғыл жағдайда зардап шеккен адамды жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізуге болады. Мұндай кезде жүргізуші өзінің аты-жөнін және көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірін хабарлап, міндетті түрде оқиға орнына қайта оралуы қажет.
Полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнындағы жағдайды өзгертуге болмайды. Атап айтқанда, көліктердің орналасқан жерін, тежелу іздерін және сынған бөлшектерді сақтау маңызды. Егер көліктер жол қозғалысына кедергі келтірсе, олардың орналасуын алдын ала фото және бейнетаспаға түсіріп, куәгерлердің қатысуымен жолды босатуға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар жүргізуші 102 нөміріне хабарласып, полиция шақыруы және оқиғаны көрген куәгерлердің аты-жөні мен байланыс деректерін жазып алуы керек.
Оқиға орнын тастап кетуге болмайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 611-бабына сәйкес, ЖКО болған жерден заңсыз кету әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жағдайға қарай жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Ал адамдар зардап шекпеген және заңда белгіленген өзге де талаптар сақталған жағдайда, жүргізушілер жол-көлік оқиғасын полиция шақырмай-ақ Еурохаттама арқылы рәсімдей алады. Бұл үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалануға болады.