Ақсу қаласында мас күйде жол апатын жасаған әйел жалған жүктілік анықтамасын пайдаланып, қамаудан құтылмақ болған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Прокуратураның мәліметінше, әйел жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізіп, алкогольдік масаң күйде жол-көлік оқиғасына себепкер болған.
Іс сотта қаралған кезде оның жүкті екені туралы медициналық анықтама ұсынылып, соның негізінде әкімшілік қамау айыппұлмен алмастырылған.
Алайда прокуратура жүргізген тексеру барысында анықтаманың жалған екені белгілі болды.
Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 416-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар бұл іске қатысы бар полиция қызметкерлерінің әрекеттері де тексеріліп жатыр.
Прокуратура апелляциялық шағым түсіріп, жаза түрін қайта қарауды талап етті. Нәтижесінде облыстық соттың апелляциялық алқасы бұрынғы шешімді өзгертіп, құқық бұзушыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.