Қазақстанда такси жүргізушілерін жұмысқа қабылдау тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Премьер-министр Олжас Бектенов такси агрегаторларына жүргізушілерді таңдауға жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Оның айтуынша, жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар жолдағы тәртібі төмен адамдарды жұмысқа қабылдамауы керек.
Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережесін бірнеше рет бұзған азаматтарға такси жүргізуге мүмкіндік бермеу ұсынылды.
Бұл үшін әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін жолаушылар тасымалына арналған жеке компаниялардың платформаларымен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Интеграция аяқталғаннан кейін агрегаторлар жүргізушінің жолдағы тәртібі туралы ақпаратты көре алады.
Бектенов такси саласында тек жүргізу тәжірибесі бар және жауапкершілігі жоғары адамдар жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
Сонымен қатар көліктердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің рөлде өткізетін жұмыс уақыты да бақылауда болуы тиіс.
Көлік министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жеке такси қызметін реттейтін қосымша шаралар әзірлеу тапсырылды.