Мазмұнға өту
qandastar.

Жолдағы мал жүргізушілерге қауіп төндіріп тұр: ЖИ-камера апатты тіркеді (ВИДЕО)

Малика Хамит · · 12 қаралым
Жолдағы мал жүргізушілерге қауіп төндіріп тұр: ЖИ-камера апатты тіркеді (ВИДЕО)

Түнгі уақытта жолға қараусыз шыққан ірі қара мал жол апатына себеп болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қауіпті сәтті республикалық маңызы бар автожолдағы жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камерасы тіркеген.

[video width="1920" height="1080" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/09/IMG_4111.mp4"][/video]

Кадрларда малдың белгіленбеген жерден тасжолға шыққаны көрінеді. Сол сәтте жолмен келе жатқан жүк көлігі малмен соқтығысқан.

ЖИ жүйесі жол-көлік оқиғасын бірден анықтап, ақпаратты операторларға жеткізген. Артынша оқиға орнына жол қызметтері жіберілді.

«ҚазАвтоЖол» мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жол бойындағы қоршаулардың маңызды екенін атап өтті. Автожолдардың қауіпті учаскелерінде малдың жолға шығуын болдырмау үшін арнайы торлы қоршаулар орнатылады.

Алайда кей жерлерде қоршаулардың бүлінуі немесе жекелеген бөліктерінің ұрлануы мәселені күрделендіріп отыр. Сонымен қатар кейбір мал иелері төрт түлігін қараусыз қалдырады.

Мамандардың айтуынша, әсіресе түнде жүргізушінің жолға кенеттен шыққан малды байқауына санаулы секунд қана қалуы мүмкін. Бұл ауыр жол апатына әкелуі ықтимал.

«ҚазАвтоЖол» мал иелерін төрт түлікті қараусыз қалдырмауға және оның автомобиль жолына шығуына жол бермеуге шақырды.

Ал жүргізушілерге «Мал айдау» және «Жабайы жануарлар» белгілері қойылған учаскелерде жылдамдықты азайтып, жолға ерекше назар аудару ұсынылады.

Жолдағы қауіпсіздік — жүргізушіге ғана емес, мал иесіне де байланысты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp