«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаевтың «Жомарт» кенішіне жұмыс сапары барысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және өндірістік бақылау жүйесін дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды, дейді Qandastar.kz.
Кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында жоспарланған 45 іс-шараның 39-ы толық орындалып, өндірістік қызметке енгізілген. Қалған шаралар іске асырудың соңғы кезеңінде тұр. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мен кенішті дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 2,7 млрд теңгеден асты.
2025–2026 жылдары Қазақстан мен ТМД елдерінің жетекші ғылыми ұйымдарының қатысуымен сегіз кешенді зерттеу жүргізілді. Зерттеулер кен орнының газ режимін, гидрогеологиялық жағдайын, желдету жүйесін және тау жыныстарының соққы қаупін зерделеуге бағытталды. Алынған нәтижелер өндірістік тәуекелдерді азайтуға арналған қосымша шараларды әзірлеуге негіз болды.
Кеніште тәулік бойы жұмыс істейтін аэрогаздық мониторинг жүйесі енгізіліп, жерасты атмосферасының жай-күйі тұрақты бақылауға алынған. Сондай-ақ тау қазбаларының цифрлық жылу картасы жасалып, стационарлық датчиктерден түсетін мәліметтер бірыңғай диспетчерлік орталыққа нақты уақыт режимінде жеткізіледі.
Өндірістік бақылауды күшейту мақсатында 130 портативті газ талдағыш, 20 сынама алу құрылғысы және басқа да арнайы жабдықтар сатып алынған. Жерасты техникасы метан деңгейін бақылайтын автоматты датчиктермен жабдықталып, кеніште атмосфера жағдайын жедел талдауға мүмкіндік беретін зертхана жұмыс істейді.
Сонымен қатар байланыс, позициялау және қызметкерлерді хабарландыру жүйелері жаңғыртылуда. Жеті шақырым кабель желісі қалпына келтіріліп, қосымша 15 шақырымнан астам сәулелендіргіш кабель тартылған. Нәтижесінде жерасты қазбалары толық қамтылып, барлық қызметкерлерге позициялау және төтенше жағдайда хабар беру құралдары берілген.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жерасты учаскелерінің қызметкерлеріне 74 бейнетіркегіш пен оларды қызмет көрсетуге арналған арнайы терминалдар сатып алынған. Құрылғылар өндірістік процестерді бақылауға және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында негізгі желдеткіш қондырғыларына күрделі жөндеу жүргізіліп, жүйенің өнімділігі секундына 200 текше метр ауаға арттырылды. Сонымен қатар резервтік желдеткіш қондырғыларын жобалау, газсыздандыру жұмыстары және ғылыми-техникалық сүйемелдеу шаралары жалғасуда.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Мұқан Үңгітбаев өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету компания қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Компания алдағы уақытта да мониторинг жүйелерін жетілдіру, желдету инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи бақылау технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастырмақ.