Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйеліне бірнеше ай бойы зорлық-зомбылық көрсеткен ер адамның жазасы өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2024 жылдың тамызы мен қазаны аралығында әйелін бірнеше рет ұрып, психологиялық қысым көрсеткен. Ол жәбірленушінің басынан, бетінен, иығынан және ішінен ұрған. Сонымен қатар қылқындырған, мойнын шаңсорғыштың сымымен байлаған.
Бұдан бөлек, ер адам әйелін үйде ұстап, қорқытқан және медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтірген.
Бірінші сатыдағы сот оны жүкті екенін біле тұра әйелді қинағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Іс кейін Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотта қаралды. Сот ер адамның кінәсі жәбірленушінің көрсетпелерімен ғана емес, куәгерлердің айғақтары, бейнежазба, медициналық құжаттар және сараптама қорытындыларымен де расталғанын атап өтті.
Кассациялық сот жазаны жеңілдетуге негіз жоқ деп танып, төменгі соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.