Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйелін бірнеше ай бойы зорлық-зомбылыққа ұшыратқан ер адам жазасын жеңілдету үшін кассациялық сотқа жүгінген. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2024 жылғы тамыз-қазан айларында жүкті әйеліне жүйелі түрде күш көрсеткен. Ол әйелін бірнеше рет ұрып, қылғындырған, сондай-ақ мойнына шаңсорғыштың сымын байлап, үйде күштеп ұстаған.
Бұдан бөлек, сотталған адам әйелін қорқытып, медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтірген.
Бірінші сатыдағы сот ер адамды кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Іс кейін кассациялық сотта қаралды. Сот мәліметінше, ер адамның кінәсі жәбірленушінің жауабымен ғана емес, оқиғаның куәгерлері берген түсініктемелермен, бейнежазбалармен, медициналық құжаттармен және сот сараптамаларының қорытындыларымен де расталған.
Кассациялық сот жазаны жеңілдетуге негіз жоқ екенін атап өтті. Нәтижесінде төменгі соттардың үкімі мен қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.
Осылайша, ер адам төрт жылдық бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін болды.