Қазақстанда көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ішкі істер министрлігі әзірлеген түзетулер мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге бағытталған.
Жаңа ережелерде қандай өзгерістер бар?
Біріншіден, көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны қайтадан арнайы қараудан өткізудің қажеті болмайды. Өзгерістердің қауіпсіздік талаптарына сай екенін растайтын құжатты ұсыну жеткілікті.
Екіншіден, жүргізуші куәлігін алу емтихандарын қайта тапсыру тәртібі өзгереді.
- Емтиханнан бірінші рет өте алмағандар келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады.
- Екінші рет те сәтсіз болса, келесі талпынысқа дайындалу үшін 10 күн беріледі.
- Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда, оны қайта тапсыру ақылы болады.
Сонымен қатар теориялық емтиханнан сәтті өтіп, практикалық сынақтан өте алмаған үміткердің теория бойынша нәтижесі сақталады. Яғни теорияны қайта тапсырудың қажеті болмайды.
Шетелдік жүргізуші куәлігін қалай ауыстыруға болады?
Шетелде берілген жүргізуші куәлігін Қазақстанның куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет.
Бұдан бөлек, уәкілетті орган куәлік берілген елге ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.
ІІМ өкілінің айтуынша, бұл талап жалған құжаттардың қолданылуына жол бермеу үшін енгізіліп отыр.
Министрлік әзірлеген түзетулердің негізгі мақсаты – азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдету.