Мазмұнға өту
qandastar.

Журналистер мен блогерлерді бұғаттау туралы Балаева не деді?

Малика Хамит · · 707 қаралым
Журналистер мен блогерлерді бұғаттау туралы Балаева не деді?

Сайлау науқаны кезінде журналистер мен блогерлердің жұмысына қатысты дау көбейген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева олардың қандай жағдайда фото және бейнетүсірілім жасай алатынын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, журналистер де, блогерлер де заң аясында өз қызметін еркін атқарып, ақпарат жинауға және таратуға құқылы.

Тіпті кей жағдайда адамның келісімінсіз де түсірілім жасауға болады.

Мұндай үш жағдай бар:

- адам көпшілік іс-шараға, мысалы концертке, спорттық жарысқа, бейбіт жиынға немесе басқа қоғамдық шараға қатысып жатса;

- адамның бейнесі оның қызметтік не қоғамдық қызметіне байланысты болса немесе ол өзінің суреті мен видеосын ашық дереккөзде өзі жариялаған болса;

- түсірілім қоғамдық тәртіпті қорғау үшін қажет болса.

Балаева әлеуметтік желілердегі журналистер мен блогерлер аккаунттарының жаппай бұғатталуы туралы ақпаратқа да тоқталды.

Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттамайды. Министрлік сөз бостандығын шектеуге мүдделі емес екенін атап өтті.

Сонымен бірге министр журналистер мен блогерлердің де жауапкершілігі бар екенін еске салды. Яғни ақпарат таратпас бұрын оның шынайылығын тексеру қажет.

Балаева заңсыз контентпен күресу керек екенін, бірақ оны сөз бостандығы мен заңды пікір білдіруді шектеумен шатастырмау қажет екенін айтты.

«Сөз бостандығы бар, бірақ ақпарат үшін жауапкершілік те бар» деген ұстаным негізгі қағидалардың бірі болуы керек, деді министр.

Ол журналистер мен блогерлерді дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заң талаптарын сақтауға шақырды.

Яғни камера ұстаған адамға бірден «түсіруге болмайды» деу де дұрыс емес, ал журналист немесе блогерге берілген құқық заңды елемеуге мүмкіндік бермейді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp