Бір кездері Қазақстанды әлемге ерекше қырынан танытқан «Борат» кейіпкерін сомдаған британдық актер Саша Барон Коэн қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол әйгілі комедиялық образдың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, кейіпкер үшін ренжіген жұртшылыққа үн қатты.
Актер бұл туралы Happy Sad Confused подкастына берген сұхбатында мәлімдеді.
Саша Барон Коэннің сөзінше, ол фильмдегі кейіпкердің бейнесі мен Қазақстан халқының шынайы өмірі арасында байланыс жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ актер қазақтардың қалай сөйлейтінін де білмегенін мойындады.
«Мен алғаш рет Қазақстан халқынан кешірім сұрағым келеді. Себебі Бораттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ», – деді актер.
Оның айтуынша, Борат кейіпкеріне байланысты Қазақстан елшілігі ресми шағым да жолдаған. Актер бұл наразылықты орынды деп санайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Саша Барон Коэн 2006 жылы жарық көрген «Борат: Қазақстанның даңқты халқының игілігі үшін Американың мәдениетін зерттеу» атты сатиралық фильм арқылы кеңінен танылды. Фильмде ол өзін Қазақстаннан келген тілші ретінде таныстыратын Борат Сагдиевтің рөлін сомдады.
Картина халықаралық деңгейде үлкен танымалдыққа ие болғанымен, Қазақстанда оның мазмұны мен ел бейнесін бұрмалап көрсетуіне қатысты сын айтылды. Фильмдегі ойдан шығарылған кейіпкер мен оқиғалар шынайы Қазақстанның мәдениетін, тұрмысын және халқын бейнелемейді.
Актердің араға жылдар салып жасаған бұл мәлімдемесі «Борат» төңірегіндегі даулы тақырыпты қайта күн тәртібіне шығарды.