Мазмұнға өту
qandastar.

Зооқорғаушының өлімі: Алматы облысында күдікті қамауға алынды

Малика Хамит
Зооқорғаушының өлімі: Алматы облысында күдікті қамауға алынды

Алматы облысында «Dog House – Твардовский дом» жануарлар панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляковтың өліміне байланысты күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Полицияның хабарлауынша, ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс 7 қазанда қозғалған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталған.

Қазір күдікті қамауда отыр. Тергеушілер оның Владимир Тепляковты өлтіруге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

«Ұсталған адамның жасалған кісі өлтіру қылмысына қатыстылығы тексерілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады ведомство.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпаратты жариялай алмайтынын атап өтті.

Владимир Тепляков туралы не белгілі?

Еске салайық, 7 қазанда Алматы облысында иесіз жануарларды құтқарумен айналысқан Владимир Тепляковтың кісі қолынан қаза тапқаны белгілі болды.

Ол 2015 жылы «Dog House – Твардовский дом» атты жануарлар панажайын құрған. Панажайға марқұм болған асыранды ұлы Ильястың құрметіне атау берген. Ол жануарларға арналған үлкен ветеринарлық орталық ашуды армандағанымен, 21 жасында өмірден өткен.

Владимир Тепляков бар уақытын жануарларға қамқорлық жасауға арнап, панажайдағы иттерді асырап-күту үшін жоғары жалақысы бар жұмысынан да бас тартқан.

Владимир Тепляков бар уақытын жануарларға қамқорлық жасауға арнап, панажайдағы иттерді асырап-күту үшін жоғары жалақысы бар жұмысынан да бас тартқан.

Оның қазасынан кейін панажайдағы шамамен 90 ит қараусыз қалған. Еріктілер мен зооқорғаушылар жануарларға көмектесіп, оларға жаңа иелер іздеуге кірісті. Жергілікті билік те иттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті жағдай жасау жұмыстарына араласқан.

Бөлісу: Telegram WhatsApp